Альберт Рау: Еңбек күшін сақтау керек
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының инвесторларымен ынтымақтастықты тоқтату процесі кәсіпорын қызметкерлеріне кесірін тигізбеу үшін мемлекет барлық міндеттемені өз мойнына алуы керек.
Парламент Мәжілісінің вице-спикері Альберт Рау осылай дейді. Оның сөзіне сүйенсек, металлургиялық комбинатта қордаланған мәселе көп. Ендігі мақсат – өндіріс көлемі мен жұмыс орындарын сақтап қалу. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекет меншігіне тапсыру бойынша заңгерлік рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Шетелдік немесе отандық инвестор болса да, заң бәріне бірдей болуы керек. Батыс елдерінде осындай оқыс оқиға бола қалса, кәсіпорын бірден банкротқа ұшырайды. Қазір барлық қызметкер әлеуметтік жағынан сақтандырылған. Барлық шығын өтеледі. Сақтандыру қаржысы алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алатындай жоғары көлемде болуы қажет.