ШҚО-ның Самар ауданында ұялы байланыс жақсара ма?

Елдің шығысындағы Самар ауданының туристік әлеуеті зор.

Ағылып келіп, болмаса жолаушылай өтіп жатқан жұрт көп. Бұқтырма бойында демалыс базасын ашқан кәсіпкерлер мен ауылдағы ағайынды қинап тұрғаны ұялы байланыс қана. Сапасы нашар. Интернет атымен жоқ. Енді бұл мәселенің шешімі бар ма, бұған министр не дейді?

Марат Құмаров​ Самар ауданында ірі агрохолдингті басқарады. Қазір – күзгі жиын теріннің қауырт шағы. Қамбаға түскен өнім​ екшеленетін сәт. Есеп-қисап жүргізіліп, әріптестік келісімшарттар жасалады.Техника түгенделеді. Алайда бухгалтерия маңызды құжаттарды рәсімдеу үшін 200 шақырымды артқа тастап, Өскеменге барады.

Марат Құмаров, агрохолдинг басшысы:

- Қазір енді ХХІ ғасыр, цифрлық заман келді, осыдан, міне, 2 жыл болды, өте көп «претензиямыз» бар. Бір кабинетте отырып, бір-бірімізге телефон шала алмаймыз. Бір істейтін нәрсені Өскеменге барып істейміз. Алтындай уақытымыз кетеді.

Құтқарушылар үшін де​ уақыт​ аса қымбат. Аудан үлкен. Шалғайда шаруашылық көп. Ондағы жұрт өрт шықса, бір ауыз хабарлама жеткізе алмай әуреленеді. Ал ондай сәтте әр секунд қымбат, - дейді мамандар.

Әсет Сейілқұмаров, Самар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

- Дер кезінде бара алмаймыз, уақытында. Олар хабарламаса, біз қайдан білеміз, бізде Самар ауданында ұялы байланыс мүлдем жоқ, ал енді Самар ауылының өзінде байланыс өте нашар, тұрақты емес.

Соңғы жылдары Бұқтырманың бойы демалыс базасына толды. ​3 мыңға жуық туристік нысан бар. Жету оңай болғанымен, жеттім деп хабар беру қиын.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Самар ауданындағы демалыс базасына бара жатқандар осы жерде міндетті түрде тоқтайды. Өйткені ары қарай байланыс та, интернет те ұстамайды. Сондықтан осы Миролюбовка ауылының шетінде тұрып, тиісті хабарламаларды жіберіп, туған-туыспен сөйлесіп алуға тырысады.

Жергілікті билік салалық басқармаға сан хат жолдапты. Бірақ нәтиже жоқ. Байланыс операторлары болса, уәде беруден жалықпай келеді дейді.

Қайрат Жүрсінов, Самар ауданы ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Осы жылдың соңына дейін, байланыс операторлары байланыс жоқ жерлерді, интернет жоқ жерлерді қамтамасыз етіп, жақсартуға уәде берілген. Соны осы жылдың аяғына дейін жақсартылады деп, соған сеніп отырмыз.

Салалық министрлік өкілдерінің айтуынша, сапалы қызметке қол жеткізудің бір амалы – нарықтағы операторлар санын арттыру.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Екі оператор болғасын, оларда қазір қанша бұзушылық болса да, мен олардан лицензия тартып ала алмаймын. Өйткені тартып алсам, бір оператор қалайын деп тұр. Сондықтан бізге 3-4 оператор Қазақстанға қажет, бұрын 4 оператор болды: Tele2, Altel, Kcell, Beeline. Қазір 2 ғана оператор. Нарықты ұлғайту керек, нарыққа тағы да операторлар шығару керек, ол жөнінде біз Самұрық-Қазына алдында тиісті міндеттемелер қойдық.

Жалпы Самар жеке аудан болып бөлінгелі бері халық саны артқан. Байланыс пен ғаламторды тұтынушылар көп. Яғни, операторлар үшін экономикалық тиімсіз аймақ деуге келмейді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.