Жарақат алған кеншілерге медициналық көмектің барлық түрі көрсетіліп жатыр

Шахтадағы жарылыс салдарынан зардап шеккен кеншілер мен олардың жақындарына барлық медициналық көмек түрлері көрсетіліп жатыр.

Науқастар Қарағанды, Абай, Шахтинск қалаларындағы ауруханаларға жатқызылған. Олардың алған жарақаттары әртүрлі. Дені газдан уланған. Кейбірінің миы шайқалып, бас сүйегі сынған. Өкпесіне зақым келгендер де бар. Жергілікті ақ халаттыларға көмек ретінде бірқатар Республикалық ғылыми орталықтың дәрігерлері де осында жұмылдырылған. Бұдан бөлек апат болған орында 16 психолог маман жұмыс істеп жатыр. Ал жалпы шұғыл медициналық көмек көрсетуге 21 маман және 7 техника жұмылдырылған.

Ерген Құдайберген, апаттар медицинасы орталығының дәрігері:

- Біз кеше шахтада жарылыс болды дегеннен бастап кешеден бері 3 бригада қызметте жүрміз. Шахтада қаза тапқан, шахтада болған оқиғаға байланысты туған-туыстарына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатыр қажет жағдайда. Сонымен қатар психолог мамандармен психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр. Біздің апаттар медицинасы орталығының 3 бригадасымен кешелі бері 40 астам адамға шұғыл көмек көрсетілді.