851 млн теңге. Атырауда топырақта заңсыз сатқан кәсіпорын анықталды

informburo.kz

Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-ның кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсатты пайдаланып, 2021-2022 жылдары 88 542 м³ топырақты заңсыз сатқанын анықтады.

Бұл туралы Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Рұқсатты беру үшін «Морское» кен орнындағы гидротехникалық құрылыстардың үйіндісін қалпына келтіру туралы мердігерлік шарт негіз болған. Алайда шартта топырақты өзге мақсатта сату туралы сөз жоқ. Облыс әкімдігіне енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің нәтижелері бойынша «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан бұрын берілген рұқсат қайтарып алынды - делінген хабарламада.

Аталған факт бойынша сот «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-нен 851 млн теңге мемлекетке келтірілген залал өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Өз кезегінде, прокуратура «жер қойнауы ресурстарына, оның ішінде өңірдің экологиясына зиян келтіргені үшін жауаптылықтың сөзсіз болатынын» ескертеді.