Шығыс Қазақстанда 20 мың үйде өрт қаупі бар

Төтенше жағдайлар қызметі күз басталғалы 70 мың баспанаға кіріп, пеші мен мұржасын көрген.

«Олқылық өте көп», - дейді мамандар. Пеш дұрыс қаланбайды, мұржа тазаланбайды. Электр сымдары да дұрыс тартылмаған. Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған 3,5 мың отбасы алаң туғызған. Оларды бірнеше қайтара тексеріпті. Сақтанбаса өрт шығып кетуі әбден мүмкін. Жылу маусымы енді ғана басталса да, өңірде 36 рет өрт шығып, екі адам көз жұмған.

Медет Мұқашев, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:

- Аталмыш бұзушылықтардың басым көпшілігі 8 мыңнан астамы, пештерді дұрыс пайдаланбау салдарынан, 7 жарым мыңнан астамы электр желілері мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан анықталып отыр. Төтенше жағдайды азайту мақсатында қарапайым өрт қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырамыз.