Смайылов Үкімет отырысында «құдандалы кредиттер» туралы айтты

Смайылов Үкімет отырысында «құдандалы кредиттер» туралы айтты

Премьер-Министр халықтың шамадан тыс кредит алуы үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемаға айналып бара жатқанын айтты.

Кейбір азаматтар мерзімі өтіп кеткен кредиттерін жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредиттер алады. Осылайша, шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен бата береді. Ал банк кредит беруден бас тартқан жағдайда, олар пайыздық үстемесі өте жоғары микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Осылайша, адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен жағдайын қиындата береді, - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бұл мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырғанын айтты.

Жоба халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың кредиттер бойынша проблемалық берешектерін реттеуде және жұмысқа орналасуда консультациялық көмек беруге бағытталған.

Қазірдің өзінде Қазақстанның 8 өңірінде 45 мың адам қаржылық сауаттылық негіздері бойынша білім алды.

2023 жылдың соңына дейін 60 мың азаматты қамту жоспарлануда.

Алдағы 3 жылда 550 мың оқушы мен студентті қаржылық сауаттылыққа оқыту, мектептер мен жоғары оқу орындарының 8 мыңнан астам оқытушысын даярлау, банктер мен микроқаржы ұйымдарының 200 мың қарыз алушысына көмек көрсету жоспарланып отыр. Барлық жауапты мемлекеттік орган мен әкімдік “Қарызсыз қоғам” жобасындағы іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет, - деді Премьер-Министр.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр халықтың шамадан тыс несие алу мәселесінің ұтымды шешімі жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарын құру екенін айтты.

Бұл халықтың табысын арттыруға және кредит алуын төмендетуге барынша оң әсер етеді. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жоспарланған инвестициялық жобаларды, әсіресе шикізаттық емес секторларда іске асыруды жеделдетіп, жаңа жобаларды пысықтауы тиіс, - деді Үкімет басшысы.