Петропавлда көктайғақ болып тұр
Петропавлда қар аралас жаңбыр жауып тұрғындарды әбігерге салды.
Ауа райының қолайсыздығынан қала көшелері көктайғаққа айналды. Осыған байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Тайып-жығылып, жарақат алғандар да бар. Тақырыпты осы аймақтағы әріптесім Самат Қайырденұлы жалғастырады.
Соңғы екі күнде жауған қар аралас жаңбырдан қала көшелері көктайғаққа айналды. Көлік қозғалысы қиындап, тайып-жығылғандардың да саны күрт артқан. Дәрігердердің айтуынша соңғы үш күнде Петропавлдағы жарақат бөліміне 180 адам медициналық көмекке жүгінді.
Валерий Грибашов, жарақат бөлімінің меңгерушісі:
- Оның 63-і көшеде құлап жарақат алған. Дені егде жастағылар. Науқастардың көбі иығын шығарып, қол-аяғын сындырып алған. Екі адам ауруханаға жатқызылды. Олар осында ем қабылдайды.
Қала тазалығына жауапты қызметкерлер көшелерге құм сеуіп жатыр. Әкімдіктегі мамандардың сөзінше жолдар мен аялдамаларды көктайғаққа қарсы материалдардармен өңдеу үшін 2200 текше метр құм-тұз қоспасы дайындалды. 160-тан астам арнайы техника қысқы маусымға дайын тұр.
Әсем Айтұлова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Ауа райының күрт нашарлауына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр. Екі күн бойы бізде жұмыстардың барлығы түнгі 11-ден бастап, қала көшелерін механикалық тазалау жұмыстары өткізіледі. Кейін таңғы уақыттарда құм-тұз қоспасы себіліп, күндізгі уақытта жолдар, жаяу жүргіншілердің жолдары, саябақтар қардан тазартылып жатыр.
Жазғы дөңгелегін қысқыға ауыстырып үлгермегендер шығынға батып жатыр. Жол сақшыларының айтуынша тек бір күнде 30-дан астам көлік бүлінді. Темір тұлпар иелері көктайғақта тізгінге ие бола алмай қалған.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Көктайғақ көлік жүргізушілерін де әбігерге салып қойғаны рас. Мәселен, соңғы тәулікте тек Петропавл қаласында 20-ға жуық жол көлік апаты болыпты. Бастысы, зардап шеккендер жоқ.
Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков