Ақмола облысындағы ауылда дәрігерлерді қысқартудың кері әсері болуы мүмкін

Ақмола облысындағы ауылда дәрігерлерді қысқартудың кері әсері болуы мүмкін

Ақмола облысындағы Шаңтөбе кентінің үш жарым мыңға жуық тұрғыны сапалы медициналық көмектен қағылуы мүмкін.

Елді мекенде  дәрігерлік-амбулаторияның мамандарын қысқарту жоспарланып отыр. Жауаптылар бұл шешім дәрігерлердің жүктемесіне қарай қабылданғанын айтады.

Шаңтөбе кентіндегі халықтың тең жартысы зейнеткер. Нақтырақ айтсақ, қазір ауылда  мың екі жүз қарт адам тұрады. Олар медициналық мекемеге ай сайын жүгініп, ем қабылдайды.  Сондықтан бұл мәселеге алдымен  зейнеткерлер алаңдаулы. Ал аудандық аурухана ауылдан алпыс шақырым қашықтықта орналасқан.  

Ольга Перапать, кент тұрғыны:

- Әсіресе қысқы уақытта мүлдем қиын. Себебі ауыл мен аудан орталығындағы жолды қар алып қалады. Оны тазалағанша біршама уақыт кетеді. Ал жедел жәрдемнің жағармайын өз қаражатымызға құямыз. Өйткені бәрінде ауданға қатынайтын көлік жоқ. 

Виктор Хлестунов, кент тұрғыны:

- Қиыншылық болады біздерге. Себебі осы жерде өзім сияқты пенсионерлер көп. Бала-шағаларым көп. Бізге совсем ауыр тиеді ғой. 

Кеншілер кенті атанған елдімекенде соңғы жылдары халық саны азайған. Өйткені ауылдағы кен орындары жабылып, жұмыс тапшылығы пайда болған. Ал кенттегі жалғыз медициналық мекеме қалалық аурухананың дәрежесіне сай қызмет көрсетіп келген. 

Жандос Маханов, Сандықтау аудандық ауруханасы бас дәрігерінің м.а:

- Нормамен мен талдау жасаған кезде ол жерде нақты 33 адам жұмыс жасайды.Ал, норма бойынша 24 адам ғана жұмыс жасау керек. 2009 жылдан айтып отырмын ғой қалалық аурухананың штатымен солай қалған. Солай істеген. Врчебный амбулаторияның оснащениенің минимальный нормалы бар, сол бойынша заңнан ауытқу болып болып тұр. 

Арнайы талап бойынша жыл басынан бері медициналық мекеме қызметкерлері  400-ден астам науқасқа қызмет көрсетуі тиіс еді. Бірақ олар тек  118 адамды ғана қабылдаған. Осы ретте дәрігерлердің жүктемесі де қайта қаралып жатыр. 

Нұрлан Ақылбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біз бірінше кезекте дәрігерлердің жүктемесін қарадық. Мәселен, күндізгі стационардағы дәрігердің бір айдағы жүктемесі 57 науқасты құрайды. Біздің тексеріс нәтижесінде ол маманның бір айда 11-12 адамға ғана қызмет көрсететіні анықталды. Яғни жалпы көрсеткіштің 37 пайызы ғана орындалған. Сол себепті заң жүзінде дәрігерлердің жүктемесін ескере отыра, кей мамандарды жарты айлыққа ауыстыруды қарастырып жатырмыз. 

Айта кетейік, Шаңтөбедегі дәрігерлік-амбулаторияға Қызыл Қазақстан, Новокранштадка, Балапан ауылдарының тұрғындары да тіркелген. Сол себепті жауапты сала мамандары ауыл тұрғындарының өтініші   ескерілетінін жеткізді. Сондай-ақ жыл соңына дейін Шаңтөбе кентіне су жаңа жедел-жәрдем көлігі беріледі деп жоспарланып отыр. 

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный