Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту

Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту маңызды міндеттердің бірі.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда білім саласындағы қордаланған мәселелер сөз болды. Елордада өткен жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам педагог жиналды. Олар шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Ауылдарда орналасқан мектептердің жағдайы керемет деп айтуға келмейді. Дегенмен білім ордаларында туындаған проблемалардың оңтайлы шешілуі – күн тәртібінде тұр. Қазір «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» жобасы іске асып жатыр. Оны Оқу-ағарту министрлігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен «Қазақстан халқына» қоры бірігіп жүзеге асыруда.

Альмира Оразбай, тілші:

- Жоба іске қосылғалы 80 ауыл мектебінің кабинеттері оқуға қажетті заманауи құралдармен жабдықталды. Ал мұғалімдері арнайы әдістемелік білім алды. Енді алдағы 2 жылда 200-ден астам ауыл мектебін қамту жоспарда бар.

Ауылдардағы мектепті қажеттіліктерге сай жабдықтау үшін қордан 200 миллион теңгеге  жуық қаражат бөлінген.

Әнуар Жанғозин, "Назарбаев зияткерлік мектептері" ДББҰ басқарма төрағасы:

- Жабдықтаудан кейін химия, физика биология, стенд-зертханалармен қалай жұмыс істеу керегін біз әрі қарай түсіндіреміз мұғалімдерге. Бұл да өте қажет. Себебі заманауи жабдықтар болмаған кезде мұғалімдер тиісті жоғары деңгейдегі сабақтарды бере алмайды.

Жоба тиімді болса,, мемлекет те жан-жақты қолдауға әзір. Үкіметтің де бүгінгі басымдық берген бағыттарының бірі,, ауыл мен қала мектебі арасындағы білім сапасын теңестіру болып отыр.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Біз білім беру жүйесін бірыңғай сабақтас жүйе ретінде қарап, ондағы әрбір білім ошағы баланы тек оқыту үшін ғана емес, оның тұлға ретінде қалыптасу және даму бағытында басымдық беруді көздейтін жобаны қарастырып отырмыз. Осында көп халықаралық эксперттеріміз отыр. Ауыл мектебі қала мектебі арасында білім саласындағы алшақтық өздеріңізге белгілі. Сондықтан ең негізгі мәселе осы алшақтықты жою.

Білімдегі қордаланған мәселелер қозғалған жиында халықаралық сарапшылар да өз ойларын ортаға салды.

Колин Маклафин, Кембридж университетінің құрметті профессоры:

- Қазір түрлі мемлекеттерді салыстырып, білім беру жүйесінде айырмашылық бар деп айтуға болмайды. Өйткені кез келген елдің мықты және осал жақтары болады. Сондықтан біз жалпы балаға білім беруде,, осал тұсты өзіміз табуымыз қажет. Оның шешімін табуды өзіміз қолға алып, жұмысты күшейтуіміз керек.

Жоба аясында 2400-ге жуық мұғалім біліктілігін арттырды. Нәтижесінде олардың кәсіби деңгейі 15 пайызға өсті. Сондай-ақ ауыл мектептеріне мониторинг жүргізіліп, 13 мыңға жуық оқушының білімі тексерілді. Қорытындыға сәйкес,, олардың сабақты меңгеру көрсеткіші 38 пайызға артты. Бұл,, бағдарламаның ауылдағы ағайынға көрсетіп жатқан игілігі болса керек.

Авторлары: Альмира Оразбай, Артур Горшняков