Жітіқаралық кәсіпкер ескі ғимаратты балабақшаға айналдырды
Қостанай облысының Жітіқара қаласында ұзақ жыл қаңырап бос тұрған ғимарат жаңа кейіпке енді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жергілікті кәсіпкер оны бастан-аяқ жөндеп, балабақшаға айналдырды. Бір ай бұрын ашылған мекемеде мемлекеттік тапсырыс бойынша 85 бала тәрбиеленіп жатыр.
Мынау – 3-4 жыл бұрынғы кейпі. Қазір ине-жіптен шыққандай жарқырап отыр. Жергілікті тұрғын Евгений Макаров осы ғимаратты қалпына келтіруге 4 жыл уақытын, 200 миллион тенге ақшасын жұмсаған. Сөйтіп, бұрынғы қирандының орнына балабақша пайда болды.
Евгений Макаров, кәсіпкер:
- Бұл істі бастағаннан кейін аяқсыз қалдыра алмадым. Жақындарыма, жерлестеріме бәрі өз қолымызда екендігін дәлелдегім келді. Алдымызға мақсат қойсақ, айналамызды дұрыстап, жақсартуға болатынын көрсетсем дедім. Сол ойым орындалғандай.
Бұл балабақшаға электронды жүйе бойынша тіркеледі. 95 орынға есептелген мектепке дейінгі мекеме қазір толық десе болады.
Инара Хурнова, балабақша меңгерушісі:
- Қазір 4 топ бар. Оның екеуі қазақ тілінде тәрбиеленеді. Әр балаға мемлекеттік тапсырысқа сай нормативті қаржы қаралған. Тәрбие, білім беру, қауіпсіздікке қатысты барлық талап сақталған.
Алдағы уақытта мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған топ ашылмақ. Оған кәсіби мамандар іздестіріліп жатыр. Ал түзету терапиясы балабақшада қазірден бар.
Агидель Қабиден, логопед-дефектолог:
- Бұл процедура Томатис терапиясы деп аталады. Дыбыс арқылы ми жұмысын дамыту. Бағдарлама әр балаға жеке таңдалады. Классика, вальс, марштар. Әуен дыбысы мидың Брок аймағына әсер етіп, баланың түсіну, сөйлеу қабілетін жетілдіреді.
Шағын қалада 7 балабақша бар. Соның екеуі кәсіпкерлердің қолдауымен іске қосылды. Бизнес пен мемлекет арасындағы әріптестік арқасында бұл ауданда балабақшаға кезек мәселесі толық шешілді десе болады.
Зүлфия Орманова, Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары:
- Соңғы жылда кезек біршама азайды. Қазір кезекте тұрған 6 жасқа дейінгі 436 бүлдіршін бар. Жалпы ауданда балалардың 95,7%-і мектепке дейінгі біліммен қамтылған.
Соңғы 3 жылда Қостанай өңірінде бизнестің қолдауымен 8 балабақша ашылды. Одан бөлек, мектепке дейінгі білім беретін 2 мемлекеттік мекеме облыс орталығының шағын аудандарында бой көтереді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.