Астанада улы газдан 38 адам зардап шеккен
Жыл басынан бері елорданың тұрғын үй секторында 203 өрт тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Улы газдан 38 адам зардап шекті. Өрт оқиғалары жылыту маусымында жиілейді. Бұл көбінесе тұрғындардың пешті қолданғанда қауіпсіздік талаптарын ескермеуінен болады. Сол себепті төтенше жағдай саласының мамандары жұртшылыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Өрт – тілсіз жау» деп тегін айтылмаған. Оның қашан және қайдан шығатынын болжау мүмкін емес. Бірақ қауіптің қашанда алдын алуға болады. Тек қарапайым ережелерді есте сақтау қажет. Электр сымдарын тексеру, мұржаларды уақытылы тазалау, балалардың отпен ойнамауын қадағалау. Осының өзі адамды үлкен қатерден сақтайды.
Ажар Рүстемова, Астана қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгін бізде «Қауіпсіз Жанұя» акциясы өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – тұрғын секторларда өрттің алдын алу. Негізі жылыту мезгілі басталғаннан бері бізде 159 өрт тіркелді. Тұрғын секторының саны 30 мыңнан астам. Бүгінгі күнде 11 мыңнан астам үйді аралап шықтық. Жалпы осы 3 күн акция ішінде 10 мың тұрғын үйді аралауға мақсат қойдық.
Жеке тұрғын үй секторында болатын өртің көбі көмірмен жанатын пештен шығады. Сондықтан мамандар үй-үйді аралап, улы газды анықтайтын дабыл қондырғыларын орнатып жүр. Былтыр осы құрылғының көмегімен бірнеше қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болған. Бұл жұмысты төтенше жағдайлар басқармасының мамандары жылыту маусымы аяқталғанша жүргізеді.
Альбина Жұмағұлова, көпбалалы ана:
- 2016-да болған. Біз таңғы сағат 4-те жанғанбыз. Онда мен мына көрші үйде тұрдым. Біз ұйықтап қалдық. Мысық оятқан ғой қызды. Аяғынан тырнап. Сол кезде тұрдық, төбе жанып жатты. Есік жақ бірақ жанбағантұғын. Балаларды шығарып жіберіп, өзім қалдым. Бізде сумен шланг бар. Сонымен атқылай бердім. Кейін «пожарка» келді, «скорый» келді.
Бұл датчик газ тарағанда немесе жылу мөлшері артқанда дыбыстық белгі береді. Қондырғы әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың үйлеріне тегін орнатылады. Профилактикалық шара аясында мамандар мыңнан астам үйді аралауды жоспарлап отыр.
Қымбатгүл Нұрту, Әлеуметтік көмек көрсету орталығының кеңесшісі:
- Жалпы Сарыарқа ауданы бойынша бізде мыңнан астам отбасы көмек түрін алып жатыр және оның ішінде 506 көпбалалы отбасыға сол көмек тағайындалған. Әлеуметтік көмек көрсету тізімін біз Төтенше жағдайлар министрлігіне береміз. Ол кісілер тізім бойынша отбасыларға барады. Сосын осындай арнайы құрылғыларды қояды.
Астанада 30 мыңнан астам тұрғын үй бар. Мамандар соның 18 мыңында тексеру жүргізіп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігін түсіндірген. Алайда жауапкершілік әр адамның өзінен басталатынын ұмытпау керек. Сақтансаң сақтайды дегендей, қауіптің алдын алу өзіңнің де, өзгенің де өмірін сақтайды.