Қызылорда облысы Ақжар ауылының келіншектері күш сынасты
Қызылорда облысы Ақжар ауылының келіншектері арасында қол күрестен сайыс өтті.
Қамбаны астыққа толтырған ауылдықтар қазақтың ұлттық ойындарын осылайша насихаттады.
Төрт баланың анасы Асылзат Естан білек күшін сынап көрмекші. Оның бапкері әрі жанкүйері ретінде жары қолдау білдіріп жүр. Қолкүресінің әдіс-тәсілін жарыс алдында тағы бір пысықтады. Мамандығы медбике болғанмен, бала күтімімен үйде отырған келіншек ә дегенен-ақ алғашқы қарсыласын қапы қалдырды.
Асылзат Естан, Жалағаш кентінің тұрғыны:
- Сиыр сауады көбісі. Оған да мысалы қолдың күші керек негізі. Сиыр сауады, күбі піседі, құрт жасайды деген сияқты ғой. Негізі ауылдың келіншектері мықты болады.
Нәзік жандылардың тартысы ұзаққа созылды. Ауылдықтардың ерекше назарын аударған жарысқа жиырмаға жуық келіншек қатысты. Асылсат Естан үздіктер қатарынан көрінді. Ол екінші орынның жүлдесін жеңіп алды. Ал еш қарсылас шыдатпаған Ақжар ауылының тұрғыны Айнұр Асқарбаева – жеңімпаз атанды.
Айнұр Асқарбаева, ауыл тұрғыны:
- Өзіммен үш келіншек түсті бәйгеге. Үшеуінде жеңдім. Ауылдың келіншектері өте мықты, өйткені қарулы. Егін егеміз, мал шаруашылығында жүреміз деген сияқты, әйел заты біз көп нәрсені игеріп кетеміз.
Жиын-терімді қорытындылап, алқап басындағы ала жаздайғы қарбаластан кейін бой жазатын ауылдағы ағайын соңғы жылдары қазақтың ұлттық ойындарын ұлықтауды дәстүрге айналдырған. Ал қыз-келіншектер арасындағы ерекше сайыс алғаш рет ұйымдастырылыпты. Жалпы Ақжар ауылының өрендерінің басым бөлігі – қазақ күресімен шұғылданады екен.
Мұқамбетқали Таубаев, жарыстың бас төрешісі:
- 70-тен астам палуандар белдесіп жатыр. Солардың ішінде Қазақстанның жеңімпаздары шықты. Осы жақын арада бір бала Қазақстан Республикасының чемпионы болды. Бір баламыз осы жылы Қазақстан Республикасы жасөспірімдер арасында Семей қаласында өткен қазақ күресінен қола жүлдегер болып келді.
«Ауылдықтардың ынтымағын арттырып, мерейін асырар мұндай тағылымды шаралар өскелең ұрпақ тәрбиесіне де оң ықпал етеді. Игі шараның басты мақсаты осы», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев