Ақтөбе облысында «Zhas Project» жобасының жеңімпаздары анықталды
Нәтижесінде 14 жас кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант алды.
Енді ауылдық жерлерде де тың жобалар іске аспады. Кәсіпкердің бизнесі кедергісіз жүруі үшін қажетті кеңес беріледі.
Бала күнінен робот жасауға әуестенген Ғалымжан Бегенов, енді оны кәсіп түріне айналдырмақ. Өзінің білген-түйгенін балаларға үйретуді көздеп отыр. Бұл үшін жоспар құрып, оқыту кестесін жасап қойған. Оны «ZHas project» жобасы аясындағы гранттар байқауына ұсынды. Іс бастаған кезде бір мезетте 70 балаға дейін қабылдамақ.
Ғалымжан Бегенов, қала тұрғыны:
- Робототехника негізі балалардың ұсақ моторикасын, ойлау қабілетін дамытуға оң әсерін тигізеді және бастапқы үш айда біз аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан және ерекше балаларға тегін қызмет көрсететін боламыз. Жалпы, біздің ерекшелігіміз ерекше балалармен жұмыс істегенде, өзіміздің методикамыз бар, сол методикамен жұмыс жасайтын боламыз.
Грантқа қол жеткізген Наурызбек Ербатыров кір сабын өндірісін жолға қоймақ. Жобаны өткен жылы жасап, дайындап қойған. Алайда, қаржының аздығынан ісі жүрмепті. Енді, таяу күндері қажетті жабдықтары келген соң, бірден өнім өндіруді қолға алады. Ал цех үшін орын дайын тұр.
Наурызбек Ербатыров, Мәртөк ауданының тұрғыны:
- Шикізат өте қолжетімді, ешқандан шетелден алып келмейміз. Бұған керек заттар, мына өсімдік майының қалдығы бар ғой және малдың тоң майы. Және өзінің содасы бар. Бізде енді көбінесе орталықтан алып келеді, басқа жақтан алып келеді. Ал менде - өзімізде өндіріс. Бұл жерде ең бастысы табиғи болады. Баға енді міндетті түрде төмен бағада болады.
«ZHas project» - кәсіп бастауға ниет білдірген жастарды қолдауға арналған жоба. Биыл оған 160 үміткер қатысып, өзінің бизнес-идеясын ұсынды. Нәтиждесінде, 14 қатысушы жеңімпаз атанып, әрқайсысына бір миллион теңге грант берілді. Қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізгендердің ішінде, оқу орталығын ашу, шет тілдерін үйрету, киім тігу секілді өзге де жобалар ұсынғандар да бар.
Елеусіз Нұрғалиев, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:
- Жобалардың әлеуметтік маңыздылығына көп мән бердік. Бұл жерде айтып тұрғандай, жұмыссыздан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандардың жобалары үлкен басымдық болды. Сонымен қатар, аудан орталықтарынан келген жастардың креативті жобалары оң баға алды. Енді екі апта көлемінде оларға менторлармен бизнес жүргізу бойынша менторлық көмектер көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін. Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев