БҚО тұрғыны 3 рет мемлекеттік грант ұтқан

Батыс Қазақстан облысының Қырқопа ауылында ағаш ұстасы 2 жыл ішінде 3 рет мемлекеттік грантқа ие болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол өз үйінің ауласында шағын цех ашып, жиһаз түрлерін жасап жатыр. Ауылдастарын жұмыспен қамтыған.

Алпамыс Кәменовтың кәсіби мамандығы – дәнекерлеуші. Ол қаладағы зауыттардың бірінде еңбек еткен. Алайда жеке баспананың жоқтығы мен жалақының аздығы жас маманды тығырыққа тіреген. Сөйтіп, ауылға қайтуды ұйғарған. Көп ұзамай жастарға арналған бизнес гранты жайлы естіп, байқауға ағаш шеберханасын ашу жобасын ұсыныпты. Оның бұл бастамасына мемлекет тарапынан бір емес, 3 мәрте қаржылай қолдау көрсетілген.

Алпамыс Кәменов, шебер:

- 250 мың теңге грант алып бастадық. Содан 3 млн теңге грантына қатыстық және 500 мың теңге тағы да грантқа қатысып, осы ішіндегі құралдарды алдық. Тапсырыстың 80%-і қала жақтан, бірақ осында өндіреміз. Қалаға апарамыз. Былай ауыл жақтан да бар тапсырыстар. Сосын көбіне тендермен жұмыс жасаймыз.

Цехта ағаш кесуге арналған құрылғылардың дызылдаған үні күні бойы үзілмейді. Өйткені кезек күткен тапсырыс көп. Мұнда үйге, сауда орындарына, кеңсеге қажетті жиһаздардың барлық түрі жасалады. Шебер өзінің 2 ауылдасын тұрақты жұмысқа алған.

Асылбек Жәкиев, цех жұмысшысы:

- Жоқ, бұған дейін жиһаз құрастырып көрген жоқпын. Зауытта бірге істедік сварщик болып. Осында келіп үйреніп, істеп жатырмыз. Асүй жиһазын жасап жатырмыз, есіктерге топса салып. Бір асүй жиһазын жасауға бір жұма уақыт кетеді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Өндіріс орнында қалған қоқыс та кәдеге жарайды. Мына ағаш кесуге арналған құрылғыдан шыққан үгінді пластик құбыр арқылы арнайы жабдыққа барып түседі. Сол жерден қапшыққа салынып, міне, мынадай болып жиналады. Әрі қарай құрылысқа қолданылады.

Алпамыстың жұбайы «Zhas Project» жобасы аясында сұлулық салонын ашқан. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер 4 бала тәрбиелеп отыр. Олардың ауылдан ешқайда кеткісі жоқ. Алдағы уақытта тағы да гранттарға өтініш беріп, кәсіптерін одан әрі дамытуды жоспарлап қойған. Биыл бизнесті дамыту ұлттық жобасы аясында облысқа 2 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде 137 млн теңгесі гранттарға бағытталып отыр.

Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік гранттар бойынша 418 өтінім түсіп, бір апта бойы комиссия мүшелерімен қаралып, күні кеше шешім шыққан болатын. Жалпы 25 жоба мақұлданды 98 млн теңгеге. Енді алдағы аптада жастарға арналған мемлекеттік гранттар бойынша құжаттар қабылдау басталатынын хабарлағымыз келеді. Бұл 29 жасқа дейін, яғни қоса санағанда. Жаңа бизнес идеяларға берілетін мемлекеттік гранттар болып есептеледі. Сомасы 5 млн теңгеге дейін.

Ал былтыр өңірде қайтарымсыз қаржылай қолдауға 46 кәсіпкер ие болды. Оларға жалпы көлемі 127 млн теңге берілген.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.