Ақмола облысында жыл бойы жұмыс істейтін лагерь ашылды
Сандықтау ауданындағы балалар үйі жабылып, ғимараты балғындардың сауықтыру орталығына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазіргі уақытта демалыс орнында 100 бала тынығып жатыр. Енді жергілікті оқушылар жазғы уақытта ғана емес, күзгі және қысқы демалыстарын да лагерьде өткізе алады.
Балғындардың алғашқы легі күзгі оқу демалысы бастала сала келген. Қазір сауықтыру орталығында 4 ауданнан жиналған 100 оқушы демалып жатыр. Балғындардың уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмелер мен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған.
Нұрай Қыдырбек, оқушы:
- Ән айтамыз, би билейміз, конкурстарға қатысамыз. Үйірмелерге барамыз. Әртүрлі қағаздан оригами жасаймыз. Күнді жақсы өткіземіз.
Иә, қыздар ән айтып, би билесе ер балалар ағаштан түйін түйіп, спорттық ойындарға қатысады. Сондықтан арнайы жабдықталған шеберханалар да жұмыс істейді.
Арыстанбек Дәулетбеков, үйірме жетекшісі:
- Балалардың қызығушылығы зор. Қазір олар ағаштан түрлі бұйымдар жасап жатыр. Бұл – олардың өмірлеріне керек тәжірбие. Балалармен жұмыс барысында барлық қауіпсіздік шара қатаң сақталады.
Аймақтағы балалар демалатын орындардың басым бөлігі Бурабай мен Зерендіде орналасқан. Енді бұл тізімге Сандықтау ауданы да қосылды. Алдағы уақытта осы лагерьдің қуаттылығын арттырып, тағы бір орталықты қалыпқа келтіру көзделген.
Арман Өмірзақов, балалар сауықтыру орталығы директорының м.а.:
- Біздің баланста тағы бір лагеріміз бар. Жазғы демалыс орны. Ол кеңес үкіметінде жасалған. Оның жағдайы өте нашар. Енді біз ұжыммен сөйлесіп, сол лагерьді қалпына келтірсек. Қаражат бөлінсе, соны біз Сандықтау ауданында балалар туризмін көтергіміз келеді.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Өңірде 10-нан астам балалар лагері бар. Соның тек екеуі ғана балғындарға жыл бойы қызмет көрсетеді. Тиісті сала мамандары алдағы уақытта осы бағыттағы демалыс орындарын көбейтуге ниетті. Бұл бірінші кезекте өңірдегі балалар туризмін дамытуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.