Елдегі архив қоймалары 92%-ға толған
Архив саласын дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу керек.
Бұл – құнды құжаттарды сақтап қалудың бірден-бір жолы. Сарапшылардың бұлай дабыл қағуы бекер емес. Елдегі архив қоймалары шамамен 92%-ке толып қалған. Мәселеге депутаттар да алаңдаушылық білдірді.
Елордадағы Ұлттық архив қорына жылына 20 мың бірлік құжат түседі. Оның бәрі бірден сақтауға жіберілмейді. Алдымен әр парағы мұқият зерттеліп, температуралық, ылғалдылық және өзге де жай-күйі бақыланады. Кейін сақтауға жауапты мамандарға жолданады.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Елімізде 26 млн-нан аса архив ісі бар. Оның 400 мыңға жуығы осы ұлттық архив қорында. Құнды құжаттар заман талабына сай арнайы қоймаларда сақталады. Мұндағы температура 17-19 градус аралығында. Бұл құжаттардың өміршеңдігіне кепіл, - дейді мамандар. Ал егер қоймада өрт бола қалған жағдайда осындай газ түтікшесі іске қосылады.
Ұлттық архив ғимаратында 1 млн бірлік құжат сақтауға болады. Дегенмен...
Майя Шәуленова, ҚР Ұлттық архивінің құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің бас қор сақтаушысы:
- Архив қоймаларының сақтау жүктемесі 74%-ті құрап отыр. Алдағы уақытта көптеген құжаттардың көлемі көптігіне байланысты алдағы уақытта орын жетіспеушілігі туындауы мүмкін.
Бұл мәселе еліміздегі барлық архивке ортақ. Әсіресе, өңірлердегі ахуал мүшкіл. Кей аудандарда 100%-ке жетті. 230-ға жуық мемлекеттік және арнайы архивтердің дені талапқа сай емес ғимаратта отыр.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 229 мемлекеттік және арнайы мұрағат жұмыс істейді. Олар кәсіби кадрлардың жетіспеушілігін қатты сезінеді. Өңірлерде кадрлар ауысымы 50%-ті құрайды. Жалақы аз, жүктеме көп болғандықтан, маман тұрақтамайды.
Бұған дейін архив саласына қаржы бөлінбеген. Бұл да сақтау қоймаларының толып қалуына себеп болды, - дейді министрлік өкілдері. Қазір 62 аудандық архивке 200 мың сақтау бірлігі қажет. Тағы 32-сіне 500 мың, ал 3 мемлекеттік архивке 1 млн сақтау бірлігі керек. Тапшылықты біртіндеп шешуге болады екен. Қоймаларды кеңейту міндеті жергілікті билікке жүктеледі.
Гүлзира Қарсақпаева, ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары:
- Бүгінгі күні архивтер қоймаларының толымдылығы 92%-тен асады. ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бізде өкілетті орган ретінде 200 мың сақтау бірлігіне, 500 мың сақтау бірлігіне және 1 млн сақтау бірлігіне ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыс алынып жатыр. Бүгінгі күні Орталық мемлекеттік архивтің жанынан 700 мың сақтау бірлігіне арналған архивтік қойма салу үшін ЖСҚ әзірлеуге республикалық бюджеттен 112 млн теңге бөлінді. Келесі жылы бюджетті нақтылау кезінде осы ғимараттың құрылысына қаражат талап етілетін болады. 500 мың сақтау бірлігіне арналған ЖҚС өнеркәсіп және құрылыс әзірлеудеміз. Жыл соңына дейін аяқталады.
Мемлекеттік архивтерді қорғау арнайы күзетке жүктелген. Ал төтенше жағдайлар салдарынан жойылып кеткен құжаттарды қалпына келтіруге 1-1,5 жыл кетеді. Деректерді сақтау үшін бірыңғай электронды архив құрылды. Бұл аздық етеді, архивтің мәртебесін арттыратын уақыт жетті, - дейді сарапшылар.
Ақтау Борис Джапаров, техникалық ғылымдар докторы:
- Архив саласын дамытудың бірыңғай бағдарламасын не тұжырымдамасын әзірлеу керек. Осы архивті басқару жүйесін реттеу маңызды. Олар бірыңғай орталықтан басқарылуы керек, арнайы нормативтік-құқықтық құжаттармен бекітілуі тиіс.
Әзірге белгілісі қоймалар кеңейеді. Ол үшін үлгілік жобалық құжаттама әзірленіп жатыр. Кейін жергілікті әкімдіктер соның негізінде ғимарат салуға міндеттеледі.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев.