Егін орағы аяқталуға жақын

Диқаншылар ауа райы қолайлы болса алдағы 3-4 күнде астық жинауды толық аяқтауды көздеп отыр.

Биыл орта есеппен әр гектардан 9,7 центнерден өнім алынып жатыр. 16,4 млн. тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн. тоннасы бидай. Сондай-ақ, 2 млн гектарға жуық алқаптан майлы дақылдар, 3 жарым млн тонна картоп, 4,3 млн тонна көкөніс жиналды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы маусымда жауын-шашын жылдық орташа көрсеткіштен 3 есе көп болғанын айтты. Бұл егіншілер үшін оңайға соқпады. Жекелеген өңірлердегі аптап ыстық, астықты өңірлерде тамыз айынан бастап үздіксіз жауған жауын, егіннің сапасына әсер етті. Үкімет мүшелері елде бидай қоры жеткілті, тапшылық болмайтынын жеткізді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы жиналатын астық - 16,0 млн. тоннаны (бидай 11,3 млн.тонна) құрайды. 3,0 млн. тонна көлеміндегі ауыспалы астық қалдықтарын ескерсек (1 қазандағы жай-күй бойынша), елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн.тонна астық құйылды, оның ішінде 1,8 млн. тонна  -  3-сыныпты астық.