Елімізде 1200-ден аса вандализм фактісі тіркелді

Жыл басынан бері елімізде 1200-ден аса вандализм фактісі тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«AMANAT» партиясының Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғау жөніндегі ауқымды республикалық акциясы аясында өткен дөңгелек үстелде адам аяғы баса бермейтін жерлер де зақымдалғаны белгілі болды. Осы ретте депутаттар қолданыстағы заңнамаға өзгерістер қажет дейді. Қазір нысанды қарайтын инспекторлар құқық бұзушыларды жазалай алмайды, ал темір іздейтін құрылғылар жеке адамдарға емін-еркін сатылады. Бұл да күрестің тиімсіз болуына себеп. Партия тарихтағы құнды нысандарды қорғау бойынша әлеуметтік зерттеу бастады. Кейін ондағы ұсыныстар Мәжіліс пен Үкіметке жолданады.

Еске салайық, тарихи-мәдени мұраларды қорлағандар 50-ден 100 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. 160 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстандағы мәдени-тарихи ескерткіштердің 60%-і Маңғыстау облысында орналасқан. Олардың бәрі мемлекеттік қорғауына алынған. Бірақ соңғы кезде заңның әлсіздігіне байланысты көптеген қорымда «металлоискатель» деген бар ғой, «черный старательдер» көптеген жерді қопарып, бүлдіріп кеткен. Ол тек қана ол жердегі бұйымды алып кетпейді, сол тұрған нысанның фундаментіне әсер етеді. Ол артынан құлап қалады. Біз егер де сол тарихты сақтап қорғамасақ, онда ертең біздің қайдан шыққанымыз, ата-бабамыздың кім, мемлекетіміздің арғы, түркі тарихын біздің артымыздан келе жатқан ұрпаққа жеткізе алмай қаламыз.