Ақмола облысында жөндеуден өткен мектептер тексеріліп жатыр
Көкшетау қаласында 750 млн теңгеге жөнделген мектептің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
3 жылға созылған құрылыс жұмыстары толық аяқталмай қалған. Яғни, білім беру мекемесінің шатыры мен қасбеті толық ауыстырылмаған. Салдарынан бір оқу корпусы жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Ал жауаптылар жұмысына немқұрайлы қараған мердігер ұйымды сотқа берді.
Қазір облыс бойынша күрделі жөндеуден өткен білім ошақтары жаппай тексеріліп жатыр. Соңғы 3 жылда өңірде 300-ге жуық білім беру мекемесі жаңартылды.
Арман Ризанов, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:
- Тексеріс нәтижесінде тиісті мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 312-бабының 1-ші бөлігі бойынша мердігер ұйымға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Анықталған олқылықтарды жою туралы анықтама берілді.