400 мыңнан астам қазақстандық қант диабетіне шалдыққан

400 мыңнан аса отандасымыз бірінші және екінші типтегі қант диабетімен ауырады.

Жыл сайын науқастардың саны шамамен 20-30 мың адамға көбейіп жатыр. Бұл туралы Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күніне арналған Ұлттық конференция барысында айтылды. Сарапшылардың пікірінше, науқастардың саны жылдам өсіп жатыр. Сол үшін дерттің алдын алуға жұмылу керек. Сонымен қатар сусамыр дерті жайлы ақпараттандыруды қолға алып, алдын алу амалдарын жүзеге асыру маңызды. Өйткені науқастардың басым бөлігі ауруға шалдыққанын байқамай қалып жатады, - дейді дәрігерлер. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі студент және жүкті науқастарды дәрімен қамтамасыз ету мәселесін пысықтап жатыр.

Гүлнара Мақсұтова, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күні жүкті әйелдер мен күндізгі бөлімде оқитын студент науқастардың санын есептеп жатырмыз. Бұл санатта шамамен 400 адам бар. Себебі қант диабетімен ауыратын науқастардың біразы 18 жасқа толмаған. Олардың саны – 6 мың. Оның үстіне бәрі бірдей күндізгі бөлімде оқымайды. Қазір ауруға шалдыққандарға қажетті дәрілерді жеткізіп, қолдау көрсетсек дейміз.