Топар кентіндегі карантин аяқталды
Қарағанды облысы Топар кентіндегі екі аптаға созылған карантин аяқталды.
Ірі қарадан қараталақ індеті шығып, біраз шектеу енгізілген болатын. Осы уақыт аралығында карантин ережесін бұзған екі тұрғынға айыппұл салынды. Сөйтіп, ветеринария талаптарының сақталмауына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ауданның ветеринарлық станция басшысы жұмысынан босатылды. Еске салсақ, қауіпті инфекциядан бір адам қайтыс болды. Ауруханада жатқан екі адамның жағдайы қалыпты. Кентте 11 мың адам тұрады. Инфекция жұқтырған өзге тұрғындар анықталған жоқ. Сондай-ақ ауру малмен бір қорада тұрған үш бас ірі қара жойылды. Елді мекендегі 90 аулада дезинфекция жүргізіліп, төрт түлікке түгел вакцина егілді. Қауіпті инфекцияның қайдан тарағаны әзірге белгісіз.
Данияр Мерғазин, облыстық ветеринарлық инспекция басшысының орынбасары:
-Осы саладағы білікті мамандардың пікірі бойынша ол енді сыртта жайылмаған мал болғандықтан, бұл тек қана азықтық жолмен ғана жұғуы мүмкін деген болжам бар. Жем-шөптен бірнеше сынамалар жібердік. Бірақ осы күнге дейін ол сынамалардан ештеңе табылмады.