Қазақстан мен Қытай арасында визасыз тәртіп күшіне енді

Бүгіннен бастап Қазақстан мен Қытай арасында визасыз тәртіп күшіне енді.

Ортақ келісімге сай, екі елдің азаматтары енді туризм, медицина, сондай-ақ, іскерлік мақсаттар үшін визалық талаптардан босатылады. Бұл екі елдің шағын, орта және ірі бизнесі үшін қолайлы жағдай туғызып, ел экономикасына инвестиция тартуға серпіліс береді. Сарапшылар Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің артықшылықтары туралы айтты.

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режимді сарапшылар қос елдің дипломатиялық байланысының жаңа дәуірі деп бағалауда. Екі мемлекет стратегиялық қарым-қатынастың жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Мұндай келісімге қол жеткізу - екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін тағы да айғақтай түседі. Сонымен, 30 күндік визасыз режимнің бірқатар басымдықтары мынадай. Ол – іскерлік байланыстардың қарқынын жоғарылату, шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасына қаржы құюға және жұмыс істеуге қолайлы жағдайлар туғызу, тауар айналымын арттыру және елімізге үлкен туристер ағынын әкелу. Қорыта айтқанда, сарапшылар бұл жайтты – дәуірлік оқиға деп бағалауда.

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы:

- Бұл енді екі мемлекеттің қарым-қатынасында үлкен өзгерістер әкеледі деп ойлаймын. Әсіресе, Қазақстан үшін. Біздің Қазақстанның өзінің жайғасымы, Еуразиялық кеңістікте өте үлкен рөл ойнады, транзиттік еліміз. Мен мұны дәурбұлгіш оқиға деп есептеймін.

Қазақ-Қытай қарым-қатынасының жаңа белесі ел экономикасына тың серпін береді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қос елдің сауда айналымы 24 млрд долларға жеткен. Және жыл өткен сайын оның әлеуеті арта түсуде. Сарапшылар визасыз режимнің енгізілуі Қазақстанға келетін инвестицицияны артырады дейді. Экономиканың өзге секторларына да жан бітіп, жаңа өнеркәсіп  орындары ашылады.

Айболат Дәлелхан, қытайтанушы:

- Тоғыз айдың көрсеткішіне қарайтын болсақ, былтырғы жылмен салыстырғанда, екіжақтың қарым қатынасы 21 пайызға өскен. Бұл екі жақты сауда қатынасу бойынша Ұытай Ресейдің алдына шығып отыр. Бүгінге Қытай Қазақстан үшін нөмірі бірінші сауда әріптсі болып табылады. Өндірістерін, технологияларын бұлар экспорттауға мүдделі. Сол себепті бізге келетін инвестициылқ жобалардың сипаты өзгеруі мүмкін. Өйткені, нақты зауыттар, фабрикалар салынуы мүмкін. Тек қана тау-кен, мұнай саласына ғана емес, еліміздің нақты экономикалық салаларына инвестициялар келеді дегенге сенім бар.

Еліміздің дипломатиялық жұмысы қазақстандықтардың әртүрлі елдерге бару мүмкіндіктерін арттырды. Қытаймен визасыз режим есебінен қазақстандық паспорттың күші күрт өсті, осылайша Шығыс Азияның ірі экономикалары қазақстандықтар үшін қақпа ашты. Келер жылы Қытайда Қазақстан туризмі  жылы болып жарияланды. Демек, бұл еліміздің туристік мүмкіндіктерін дамытуға зор қадам.