Елде бизнесті тексеру азаяды
Келесі жылдан бастап бизнестегі тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады.
Яғни, енді тексеріске адам қатыспайды, осы арқылы айыппұл саны бірнеше есе азаяды деп күтілуде. Тексеріс саны да екі есе қысқарады. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі айтты. Әлібек Қуантыровтың дерегіне сүйенсек, елде шағын және орта бизнестің саны 2 млннан асады. Алайда оның 99,9%-ы шағын кәсіпкерлікке жатады. Ал орта кәсіпкерліктің көрсеткіші тым төмен. Енді бұл олқылықтың орнын мемлекеттік қолдау арқылы толтыру жоспарланып жатыр.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Қазіргі таңда орта бизнесті ірілендіру, ірі бизнеске апару және қазіргі орта бизнестің өкілдері, нысандары бөлінбесін деп, шағын бизнес орта бизнеске өссін деп мемлекеттік қолдау арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Оның ішінде тиісті қолдауды тек қана тиімді бизнеске және олардың өнімділігі жоғары, бизнестің өнімділігінің күрделігіне қарап тиісті қолдау көрсетілетін болады.
Отырыста сенаторлар бизнесті қолдауға бағытталған шаралардың тиімділігіне күмәнмен қарайтынын айтты. Депутат Лаззат Рысбекова, статистика шынайы көрініске сай емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік қолдаудың тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Салық мәселесіне қатысты да біраз сұрақ бар. Депутат қосылған құн салығын көбейтуді құптамай, мәселені тыңғырықты зерттеуді ұсынды. Отырыс қортындысы бойынша, бірқатар ұсыныстар айтылып, Үкіметке жолданды.