Қарағанды облысындағы жылу орталығы айыппұл төлейді

Теміртау қаласындағы 2 бірдей жылу энергия орталығына «жылу маусымына дайындық паспорты» берілген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі бұл нысандар жөндеу жұмыстарын мерзімінен кешіктірген. Оның бірі – Теміртау қаласының 5%-ін жылытатын мекеме, екіншісі – «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты 2-ші жылу энергия орталығы. Мамандар нысанның төртінші қазандығында жүріп жатқан жөндеу жұмыстары 50 күнге, ал бесінші қазандықтағы жөндеу жұмыстары бір ай мерзімге кешіккен дейді. Осыны ескерген энергетиктер комбинатқа 1 миллион теңге әкімшілік айыппұл салды.

Бұдан өзге, облыстағы бес энергия станциясы тиісті құжатын алған. Бірақ бақылаушылар олардың да жұмыстарында сын-ескертпе көп дейді.

Ернар Хасенов, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыстық департамент басшысы:

- Қазіргі таңда жылу-энерго орталығы штатты жұмыс істеп жатыр. Жылу орталықта 4 қазандық жұмыс істейді. Атап айтқанда, 1, 2, 3, 6-шы. 4 және 5-ші қазандықтар желтоқсан айының басында дайын болады. Желтоқсанда жалпы бүкіл 6 қазандық дайын болады. Бірақ бастапқы кесте бойынша ол жұмыстар 1 қарашада аяқталуы тиіс болатын. Сондықтан Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті осы жылы күзгі-қысқы маусымға АМТ АҚ 2-ші ЖЭО-на паспортын беруден бас тартты.