БҚО-да бір айда 8 мың бас киік ауланған
Оның 3 мыңын тормен ұстап, қалғанын атып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ақбөкеннің енді қаншасы пышаққа ілінеді? Оларды аулап жүргендер кім?
Бүгінде 15 бригада далада бөкен атып жүр. Ал 2 бригада тордан қоршау құрып, киікті соған айдап кіргізеді. Сонда киік адал бауыздалады, оқ тигендегідей үсті қанталап кетпейді, - дейді аңшы Рүстем Балқабеков. Олар күніне 200-дей киікті мотоциклмен қуып аулайды.
Рүстем Балқабеков, аңшы:
- 13 мотоциклмен кірмеді ғой. Сол кезде біз не істерімізді білмей қалдық. Совет кезінде істеген адамдарды іздедік, таптық. Олардан кеңес алдық. Өзіміз түсіндік, желге айдау керек, желге қарсы айдау керек екенін. Қазір біз атпаймыз. Тек қана загонмен істейміз.
«Охотзоопром» инспекторлары ауланған бөкендерді есептейді, мүйізін кесіп алады. Әр бас үшін аңшыларға 4200 теңге төлейді. Қасапханаға апарып, салмағын өлшеп, келісін 315 теңгеден тапсырады. Одан әрі ет комбинаттары киік етінің келісін Оралда 1200-теңгеден, көрші облыстарда 1500-1700 теңгеден саудалап жатыр. Осы мәселе облыстық мәслихаттың соңғы сессиясында көтерілді. Депутаттар киіктен түсетін қаржы жергілікті бюджетте қалуы тиіс деп санайды.
Нұртай Жұмашев, облыстық мәслихат депутаты:
- Екі ортадағы бағасына келіспейміз. Сосын екі ортада түскен төлем жергілікті бюджетте облыста қалу керек деп соны сұраймыз. Себебі зардап шеккен – қара халық, БҚО адамдары. Оның сыртында дериват дейміз, мүйізі, оны Жаңақалада жинап жатырмыз дейді бір мекемеде. Оның барлығын да «Охотзоопром» жанынан құрылған бір мекеме Алматыға әкетеді деді. Дериватқа бүгінгі таңда рұқсат жоқ, экспорттау не нарыққа шығарып сатуға. Ол 25-те беріледі. Енді біз сұрап отырмыз, ол шыққан дериваттардың қандай да бір қаржысын, ол енді қымбат нәрсе ғой, етке қарағанда, біз енді облыстық бюджетке кері қайтуын сұрап отырмыз.
Киіктің шектен тыс көбейгені соңғы жылдарда ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіргені аз айтылған жоқ. Алайда бөкендердің санын реттеуде әлі де кемшін тұстар бар. Айталық, облыста соятын орын жетпегендіктен, ауланған киік Ақтөбе мен Атырау қаладарындағы ет комбинаттарына жөнелтіліп жатыр. Жоспар бойынша биыл өңірде 226 мың киік аулануы тиіс еді. Алайда күні бүгін 8 мыңы ғана ауланған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.