Өскеменде қаланы қардан тазартуға техника жетеді

Енді Өскеменнің шеткері аумақтарын бұрынғыдай омбы қар басып жатпайды.

Ол жақтарға жеке қар тазарту техникасы бөлінеді. Коммуналдық мекеме өкілдерінің мәлімдеуінше, 5 мердігер компаниямен келісімшарт жасалған. Олардың қарамағында 60 арнаулы көлік бар. Жалпы "Таза Өскемен" мекемесі алдағы қар тазарту жұмыстарына 300 миллионнан астам теңге жұмсамақ. Бірақ қазір кадр тапшылығы өзекті боп тұр. «Жол-коммуналдық қызмет саласында 70 жұмысшы жетіспейді. Сондықтан жоқ кадрдың орнын көпфункциялы техникамен алмастыруға тура келеді», - дейді мамандар.

Асхат Тәженов, коммуналдық мекеме басшысы:

- Техника жаңарып келеді. Мәселен соңғы үш жылда бір емес бірнеше мақсатта қолдануға болатын 5 көлік алдық. Қала жыл сайын өсіп келеді. Шаһардың тек қана сол жағалау аумағын алсақ, 15-20 процентке ұлғайды. Ендеше біз де осы көлемде қызмет көрсетіп үлгеру керекпіз.