Елордада «Алтын домбыра» ақындар айтысы басталды

Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды.

Биылғы сөз додасы «Еңбек – ел ырысы» тақырыбында өтіп жатыр. Яғни, қарапайым еңбек адамдарына арналған. Айтыстың ашылу салтанатында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов еңбек адамы қоғамның қозғаушы күші екенін айтып, Республика күнінде Президенттің 700-ден астам қарапайым еңбек адамын мемлекеттік наградамен марапаттағанын атап өтті. Бұл – адал да табанды еңбегімен Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп келе жатқан азаматтарымызға көрсетілген құрмет деді Мәжіліс Спикері.

Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:

- Мемлекетті мемлекет қылатын, елді ел қылған бай-бағландар емес, олар әрине еңбек адамдары. Мемлекет басшысының еңбек адамын құрметтеу керек деген сөздерін сіздер үнемі естіп жүрсіздер. Осы таяуда ғана өткен Республика күнінде 700-ден аса еңбек адамы үлкен, жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Осы залда отырған сіздер де еңбек адамдарысыздар, сіздер де адал азаматсыздар. Бүгін осы тақырыпта да кесек ойларды біз естиміз деп мен ойлаймын.