Костенко шахтасындағы апаттан көз жұмған кеншілердің отбасына көмек беріле бастады

Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан 46 кеншінің отбасына жан-жақты көмек беріле бастады.

Ұжымдық келісімшарт негізінде әр отбасы марқұмның 10 жылдық жалақысы мөлшерінде бір жолғы өтемақы алды. Асыраушысыз қалған 20 шаңыраққа мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Ауруханада әлі 10 кенші ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы қалыпты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.

46 кеншінің өмірін жалмаған жантүршігерлік апаттан кейін мемлекет пен компания мойнына алған міндеттемелерді орындай бастады. Атап айтқанда марқұмдардың жұбайы мен ата-анасының қарызы, несиелері түгел жабылды. Осы айдан бастап, 23 жасқа дейінгі оқушы мен студенттердің оқу ақысы компания есебінен төленеді. Сондай-ақ жұмыс беруші әр отбасы мүшесіне пәтер алып беруге міндетті.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

- Қаза тапқан шахтерлер бойынша әр отбасына жауапты тұлғалар бекітілген бізде. Әкімшіліктен жерлеуді ұйымдастыру, төлемдер және тұрмыстық мәселелерді шешу бойынша осы жұмыстар атқарылып жатыр. Мен 46 отбасымен өзім кездестім, оларға көмек көрсету бойынша тікелей телефондарымды да бердім.

Теміртау қаласын жылумен қамтитын екі бірдей жылу энергия орталығына жылу маусымына дайындық паспорты берілген жоқ. Себебі нысандар жөндеу жұмыстарын мерзімінен кешіктірген. Облыс әкімі тұрғындардың қыстан қысылмай шығу мәселесіне де жауап берді.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

- Қысқа дайындық паспортының берілмегені рас. Оны өзіміз талап етіп тексеруге алдық. Апта сайын ондағы жөндеу жұмыстарын барып қадағалап отырмыз. Қазір онда 4 қазандық бар. Жылу қуаты жеткілікті. Сондықтан жылу маусымы қалыпты өтуі тиіс. Өткен жылғы проблемалар қайталанбауы тиіс. Көмір қоры жеткілікті.

Саран қаласындағы жылу станциясы да келесі жылдан бастап пайдалануға  беріледі. Осылайша қазір 20-дан астам меншікті қазандықтан жылынып отырған қала бір желіге көшеді. Облыс орталығында құрылыс қарқынды. Энергия тапшылығы бар.  Облыс әкімі бұл мәселенің келесі жылы қаланың Оңтүстік – Шығысна арналған жаңа жылу жүйесін пайдлануға берген кезде шешімін табатынын айтады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар