Шымкенттік зейнеткерлер арнайы орталықта уақытын тиімді өткізе алады
Шымкентте салауатты өмір салтын серік еткен зейнеткер көп.
Олардың дені спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұдан бөлек, ұлттық ән өнері мен шығыс биін меңгеруге машықтанып, бос уақытты тиімді өткізеді. Зейнеткерлерге арналған орталықтағы орайлы іс туралы тілшіміз әңгімелейді.
Шымкентте кәрілікке бой алдырмай, жан мен тән саулығын сақтап жүрген зейнеткерлер артып келеді. Солардың бірі – 65 жастағы Мария Нұрымбетова. 3 жылдан бері осы орталықта йогамен айналысады. Дене жаттығуларын жасап, жеңіл атлетикалық спорт түрлеріне машықтанып жатыр.
Мария Нұрымбетова, зейнеткер:
- Біз осы жаққа келген 3 жылда анағұрлым жасардық. Рухани жасардық. Үйде отырсаң, отырып қаласың. Шаш жумайсың дегендей. Күнделікті осы жаққа мейрамға келгендей келеміз. Дайындаламыз.
Зейнет жастағы қариялар орталыққа күнде жиналады. 260 адам 2 мезгіл келіп, бос уақытын тиімді өткізеді. Мерекелік күндерге орай түрлі іс-шара ұйымдастырады.
Бой сергітпеген бір күн ауру шақырады, - дейді мұндағылар. Сол себепті спортпен қатар кітап оқып, білім көкжиегін арттыруды да ұмытпайды. Тіпті осы күнге дейін 4 бірдей жұп құрылып, жалғызбасты қарттар көңіл жарастырды.
Жеңісбек Манабаев, зейнеткер:
- Біз Сабира ханым екеуміз осылай бір-бірімізді терең түсінгеннің арқасында қазір өте жақсы өмір сүріп жатырмыз. Балдарымыз да риза, жолдастарымыз да риза. Екеумізді көріп қызығады. Мен үйде болғам осыдан 1-2 жыл бұрын. Бірақ күннен күнге адам өзі шаршай береді екен. Жұртпен араласа алмаймыз. Қатарыңның көбі кетіп қалған. Сөйтіп жүргенде осы орталыққа келдік. Ерекше бір сезімге бөленіп, еңсемді көтеріп, жақсы күй кештім. Аллаға шүкіршілік.
Шымкентте 88 мыңнан астам зейнеткер бар. Оларға осындай 3 орталық қызмет көрсетеді. Сондай-ақ өзге де сауықтыру кешендері тегін емдеу шараларын ұсынады. Алдағы уақытта қариялар жаттығу түрін кеңейтіп, өзге де спорт түрлерін дамытуға ден қюға ниетті.
Мауия Алданазарова, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры:
- Зейнеткерлердің саны көбейіп жатыр. Дәл осы орталықтың 2 бөлімшесі бар. Бір күнде 715 зейнеткер келіп жатыр. Алдағы уақытта тағы да орталықтар ашамыз деген жоспарлар бар. Бұл кісілер бәрі жұмысқа келгендей таңертең 8:00-де ерте келіп, осы жерде белсенділігін көрсетіп жүр.
Мамандардың айтуынша, зейнеткерлердің белсенді өмір салтына бейімделуі 60 жастан кейін жаңа тыныстың ашылатынын көрсеткен. Сонымен қатар өмір сүру жасын ұлғайтуға да септігін тигізеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.