Семей маңындағы Абыралы өңіріне 250 тонна шөп қажет
Семейден 300 шақырым қашықтағы Абыралы өңірінің тұрғындары қыста шөпсіз қаламыз ба деп алаңдаулы.
Себебі жаз бойы жауын-шашын болмаған. Ал күзде жауған жаңбырдан мал азығы шіріп кеткен. Қазір аймақта шөп бағасы қымбат. Ауыл халқы қала әкімдігінен көмек сұрап отыр.
Қайнар ауылының тұрғыны Дәулет Шәкіртов амалдың жоқтығынан осындай қадамға барып отыр. Мұны түсірмесе мүлдем шөпсіз қалуы мүмкін.
Дәулет Шәкіртов, Қайнар ауылының тұрғыны:
- Биыл ауа райына байланысты жаңбыр. Содан кейін кеш түсіріп жатырмыз. Жаз бойы күн ыстық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Таситын кезде жаңбыр жауып ауа райына байланысты кеш тасып жатырмыз. Шөп су болса да түсіріп жатырмыз. Басқа шөп жоқ түсіретін.
Ауыл тұрғындары мал азығын жылда жергілікті шаруа қожалықтарынан алып жүрді. Енді сырттан қымбатқа әкелуге мәжбүр.
Қаржаубай Сыздықов, Қайнар ауылының тұрғыны:
- Енді әркімдер әр жақтан, Бесқарағайдан, неден келген шөптерді түсіріп жатыр. Бағасы қымбат. 1400-ден, 1300-ден бір түгі. Былтыр енді 800 теңгеден алғанбыз. Енді бір мың теңгеден болса жақсы болар еді. Қазіргі баға, оны алатын халықта ақша да жоқ.
Кейбір шаруа қожалықтары өздерінен артылған шөпті халыққа жеткізіп жатыр.
Азамат Қасым, тілші:
- Халық жанталасып шөп түсіріп жатыр. Былтыр осындай уақытта әрбір тұрғын 4-5 тіркеме шөп түсірсе, биыл шөптің жоқтығынан осылай бір тіркеме шөп түсіруге мәжбүр.
Ардақ Асқаров, Қайнар ауылының тұрғыны:
- Жаңбыр басылғалы бүгін екінші рейс әкеп тұрмыз. Төрт тіркеме әкелдік. Кеше төртеу әкелгенбіз. Бір бір тіркемеден түсіріп беріп жатырмыз әрбір үйге. Жылдағыдай 5-6 машина алатын шөп жоқ. Биыл құрғақшылық болды. 60 шақырым жерден әкеп жатырмыз. Шығынымды жабар жаппастан болып тұр. Халық үшін әкеп жатырмыз. Өзіміздің халқымыз үшін. Әйтпесе асып жатқан шөбіміз жоқ.
Семей қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің есебі бойынша, Абыралы өңіріндегі үш ауылға 250 тоннаға жуық шөп қажет. Ал Қайнар елді мекені 210 тонна мал азығына зәру.
Ержан Сүлейменов, Семей қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Ауылға 25 тонна шөп келе жатыр сырттан. Біз бөлім тарапынан да тиісті жан жаққа шығып, шаруашылықтармен сөйлесіп, қандай жерлерде сатылатын шөптер бар, осы жөнінде жұмыстар жасадық. Қаладан 10 шақырым жерде «Нұр» шаруа қожалығы бар. Сол шаруа қожалығының базасында 160 тонна шөп сатуға дайын тұр.
Семейге қарасты ауылдардың тұрғындарына қыс мезгілінде 48 мың тонна мал азығы қажет деп болжанған. Қазір соның 44 мың тоннасы түсірілді.
Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы