Жаңа туған бұзауларды жеп қоймай келген бөрі қақпанға түсті

Маңғыстау облысындағы Жармыш ауылында аңшылықты серік еткен қария тұрады.

Алдаберді Ақшабаев биыл 83 жаста. Оны көршілес елді мекен түгілі өзге өңірлерден малшылар арнайы іздеп келеді. Малға қасқыр шапқанын айтып, түлігін дала жыртқышынан құтқаруды сұрайды. 

- Далада сиырдың туып кеткен бұзауын жеп тыншытпай жүрген қасқыр еді. Осыны алғасын тыныш болды ел. 

Алдаберді атай қой-сиырға шауып, малшыларға маза бермеген көкжалды қақпанмен ұстапты. Сексеннің сеңгірінен асқан ауыл тұрғыны аңшылық құруға ақша қардың түсуін күтіп жүр. Бұл өнер оған әкеден дарыған. Алғаш 10 жасында түлкі мен қарақұйрықты қанжығасына байлапты. Кейін бытыра мылтықпен қасқыр ала бастайды. Сол уақытта ұстаған дала аңының етін ауылдастарына теңдей бөліп беріпті.   

Алдаберді Ақшабаев, аңшы:

- Нені де көргенбіз, аштықтың шет жағасын. Үн жоқ. Ол басшыларға келеді де жанұяларға бөлініп беріледі. Бидайын берігеректе, 54-тен бастап берді. Көже жасап, соны талғажу қылатын. Қақпан құрамыз мысалы қарақұйрық, қоянға, тіпті қарабауыр дейтін құс бар. жұмыртқа салады. Оған да қақпан құрамыз. 

- Аңшының қақпаны болады, қандықақпан дейтін. Бірінші құрылатын қақпандарым осылар. 

Қарт аңшы қақпанды шебер әрі жылдам құрады. Айтуынша, көкжал жүретін жолға қақпан тастау өте ептілікті қажет етеді. Бөрі адамның иісін сезсе, қайтып ол жерге жоламайды екен. Алдаберді қария соңғы үш жылда елуден аса бөрі ұстаған. Бұрын ел аумағына өтіп кеткен гиенаны қолға түсіріп, елге танымал болған.  

Есқуат Әжмағанбетов, Жармыш ауылының тұрғыны: 

- Ол дейтін біртүрлі аң. Алды биік, арты аласалау. Сосын жалы бар. Мойны арқалығымен бірге біткен, ұстағанын жықпай қоймайтын сондай күшті көрінеді. Жыртқыш аң осы Қазақстанға келіп, Үстірттің үстінде жылқыны қоймай, соны осы Алдаберді қақпан құру арқылы ұстады. Соның терісін алып келіп, хабарын естіп бұл Қазақстанда жоқ аң деп сонау Алматыдан әдейі журналистер келді. 

Алдаберді атай аңшылық өнермен қатар тракторшы мамандығын меңгерген. Зейнетке шыққанға дейін ауыр көлік тізгіндеп, ауылдарға су тасыған. Бүгінде ұл-қызынан тараған немере-шөберенің қызығын қызықтауда. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев