Отандық бидайға сұраныс азайды
Дәстүрлі жаһандық нарықтарда Қазақстан бидайына сұраныс азайып барады.
Мәселен Өзбекстанға жөнелтілетін отандық өнім көлемі 30 процентке кеміген. Бұл жағдай негізгі бәсекелестерімізге қолайлы болып тұр.
Қазақстандық экспорттаушылар дәстүрлі нарықтағы бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Мәселен, Ауғанстан, Иран, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты елдерде қазақстандық өнімге деген сұраныс күрт азайды. Салалық қауымдастық өкілдері де сыртта астық сатудың қиындап кеткенін жасырмады. Бірінші себеп - өзіндік құнның жоғары болуы және 2023 жылы қолайсыз күн райының астық жинауға тигізген кері әсері. Мысалы, көрші Өзбекстанға үшінші сұрыпты бидайдың тоннасын 340 долларға сатамыз.
Зейнолла Әбдуманапов, "KazGrain" ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:
- Өнімін Қазақстан аумағы арқылы тасымалдайтын Ресейдің өзі бидайдың тоннасын 320 долларға саудалайды. Салыстырсақ, ресейлік бидай қазақстанның сапалы өнімінен 10-15 долларға арзан. Сорақысы сол, дәл осындай бағамен төменгі сұрыпты өнімімізді ұсынсақ, мұны көрген ресейлік саудагерлер сапасы жоғары бидайының бағасын күрт түсіре салады.
Қырғызстандағы жағдай да осыған келіп саяды. Соңғы уақытта айырқалпақты ағайынға біздің бидайды сатып алу тиімсіз болып кетті. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, Ресей Федерациясындағы агроөнеркәсіп кешенінің соңғы 10 жыл ішінде жан-жақты дамығанын аңғаруға болады.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз Ресей Федерациясының шаруаларды қолдау саясатына қарасақ, олар 10 жыл бұрын Батыс тарапынан санкциялар басталғалы өз тауар өндірушілерін қолдауды бастады. Ең басты қолдаулардың бірі - Россельхозбанк деген мекеменің болуы. Ол жерде нақты ауылшаруашылық жобаларды, ірі, орта, шағын шаруа қожалықтарын қолдап, ұзақмерзімді, төменпайызды несиелерді бөліп жатыр.
Қазіргі таңда 400 млрд теңге көлеміндегі субсидия бүкіл елге жеткіліксіз, дейді депутат.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 15 жыл бұрын Қазақстан анау тұрған Мәскеуге ұн экспорттайтын. Осы уақыт аралығында Ресей Федерациясы өзінің агросекторын дұрыс бағытқа қойып, өзіне де жеткізіп, басқа елдерге де тасымалдап жатыр. Қазақстандағы нарықты алсақ та, дүкен сөрелерінде тауарлардың 70 пайызы ресейдікі. Біз өзге түгілі, өз нарығымызды жоғалтып бара жатырмыз. Сондықтан бізге ауылшаруашылық банкі керек деп санаймыз.
Алайда Қазақстанда өзге тауар түрлерінің экспорты дамып жатыр. Мәселен, өсімдік майын тазартып өңдеу көлемі 2025 жылға қарай 600 мың тоннаға дейін жетеді. Бұл өнім түріне сұраныс Тәжікстан, Ауғанстан және Өзбекстан елдерінде жоғары.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Қазақстан өсімдік майымен өзін қамтамасыз етіп қана қоймай, дәстүрлі нарықта экспорттық әлеуетке де ие бола алады. Салада мәселелер бар, болған және алдағы уақытта да болады. Жаңа нарықтар пайда болады, жойылады. Жаңа бағыттар ашылады, тағы жабылады. Осылай қайталана береді. Сол себепті экспортымызды әртараптандыру керек. Өңделген өнім көлемін арттыра беру қажет.
Бидай нарығында бұрынғы орнымызға қайта оралу оңай шаруа емес. Өйткені егіннің бітік шығуы мен астық сапасы күн райына да тікелей байланысты. Биылғы жыл осыны көрсетті.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әнуар Әбдірахманов, Арман Ақшабаев