Алматы облысында жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды
Алматы облысында теміржол желісінің құрылысы басталды.
Алматы стансасын айналып өтетін инфрақұрылымдық жоба - елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Тораптың алғашқы буынын төсеу рәсіміне Премьер-Министр Әлихан Смайылов, облыс басшылары мен теміржолшылар қатысты.
Қазақстан арқылы көрші мемлекеттерге тасымалданатын жүктердің көлемі жыл сайын артып отыр. Мәселен, 2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 23 миллион тоннадан асқан. Ал, биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш тағы 22 процентке өсті. Сондықтан, Жетіген – Қазыбек бек жаңа теміржол жобасы Алматы торабындағы жүктемені 40 процентке азайтып, жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Алтынкөл-Қорғас шекаралық өткелі арқылы жүретін теміржол бағыты, соңғы жылдары қарқынды өсуді көрсетіп отыр. Аталған транзиттік дәлізде Алматы теміржол торабы төрт бағыт бойынша пойыздардың қозғалысын қамтамасыз етеді. Шу, Ақтоғай, Алтынкөл және Алматы 2. Жобаны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін екі есе қысқартады.
Теміржол желісінің құрылысы кезінде 1400 адам жұмыспен қамтылады. Жоба іске қосылған соң шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады, деді Үкімет басшысы.
Қалтай Сәмбетов, теміржол ардагері:
- Теміржол арқылы, Қытайдан келе жатқан, Қытайға бара жатқан, Орта Азиядан, Ресей жақтан Европадан келе жатқан груздар жүреді екі жаққа. Транзиттік біздің транзиттік мүмкіншілігімізді кеңейтіп, еселеп көбейтетін жол.
Жақында Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз темір жол желілерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Үш жыл ішінде барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев