Атырауда республикалық театр фестивалі басталды
Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай ұйымдастырылған өнер байқауында 7 театр ұжымы бақ сынайды.
Оларға Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған сахна саңлақтары қазылық етеді. Алты күнге созылатын рухани іс-шарада тарихи оқиғаларға негізделген туындылар сахналанады.
Фестивальге Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының театры келді. Іс-шара баспасөз мәслихатынан басталды. Жиында өнер майталмандары фестивальдің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек Мұхтаровтың «Суретші көзімен» атты кітабы оқырманға жол тартты
Темірбек Мұхтаров, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі:
- Сценография саласын тарқатып, спектакльдердің өткеннен кейінгі, болып жатқан мезгілдегі ойларымды жазып жүретінмін. Көрермен танысын, келгенде-көргенде жеңіл болады деген ой. Сол жинақталып, Махамбеттің 220 жылдығына тұспа-тұс келіп, шығарып жатқанына марқайып жатырмыз.
Фестивальде сахналатын шығарманың бәрі тарихи оқиғаларға негізделеді. Олжас Жанайдаровтың «Жұт» драмасы, Сәкен Жүнісовтың «Абылай хан» тарихи толғауы, Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» реквиемі ұсынылады.
Асылбек Ихсанов, қазылар алқасының мүшесі:
- Әр фестиваль өнер үшін үлкен бір тәжірибе алаңы. Республикадағы театрлар, режиссурасы бар, актерлар бар, суретшілер бар, бәрі бір-бірімен тәжірибе алмасып, үлкен бір зертханалық дәрежедегі шеберлік сабақтары сияқты.
Фестиваль кеше Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахналаған Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қарой» реквиемімен басталды. Өңір тұрғындары ұлттық рухты оятатын туындыларды апта бойы тамашалай алады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов