Қазақстанда мәйіттік донор тапшы
Қазақстанда 4 мыңға жуық адам ағза алмастыруға мұқтаж, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Күту парағында» тұрғандардың 100-ден астамы – бала. Мәйіттік донор мәселесі шешілмей, бұл тізімнің қысқарар түрі жоқ. Жыл сайын 360 адам қажетті ағзаны күтумен бақилық болады. Мәселенің маңызын дәрігерлер де, депутаттар да айтып келеді. Олар тиісті заңға өзгеріс енгізу керек деп санайды.
7 жыл бұрын Айжан Құдарованың денсаулығы күрт нашарлап, гемодиализге тәуелді боп қалды. Содан бергі өмірі өзіне сай келетін ағзаны күтумен өтіп жатыр. Бір ғажайыптың боларына сенеді. Бірақ науқастардың көптігі көңілін күпті етеді. Өйткені елде әрбір оныншы адамның бүйрегі ауырады. Оның жетеуінің бүйрек қызметі бұзылған.
Айжан Құдарова, науқас:
- Амалсыздан туыстары науқасқа бір бүйрегін беретін кездер болады. Бірақ адам ретінде мен оған қарсымын. Бір ғана бүйрегі бар адам толыққанды өмір сүре алмайды. Бұған дейін барлық функцияны екеуі атқарып келсе, енді бар күш жалғыз бүйрекке түседі. Бұл – үлкен салмақ. Демек бір кезде оның істен шығуы неғайбыл. Сол себепті мен бұған қарсымын. Бауырларымның ұсынысын қабылдамаймын. Меніңше, мәйіттік донорлықты дамыту керек.
Елде 3600 науқас ағза алмастыруға мұқтаж. Мұндай операция тегін жасалады. Бірақ донор жоқ.
Жанат Спатаев, ҚР ҰҒОО Ағзаларды трансплантациялау орталығының меңгерушісі:
- Біз барлық операцияны жасай аламыз. Бірақ донор тапшылығы әлі де өзекті. Былтыр орталығымызда мәйіттік донормен 2 операция жасадық. Қазір тірі донорларды тартуға мәжбүрміз. Бұл да өте қиын. Адамның бүйрегін не жарты бауырын алу екі тарапқа да оңай емес. Біз бәрін қауіпсіз жасауға тырысамыз ғой. Сонда да бұл – үлкен тәуекел.
Мамандар мәйіттік донордың тапшылығына ақпараттың аздығы себеп дейді. Қазір діни мемлекеттердің өзінде бұл үрдіс жақсы дамып келеді. Бізде отандық медицинаға күмәнмен қарайтындар да аз емес.
Жанат Спатаев, ҚР ҰҒОО Ағзаларды трансплантациялау орталығының меңгерушісі:
- Ағза алмастыру операциялары ірі клиникаларда жасалады. Оған анестезиолог, реаниматолог, транфузиолог, иммунолог, хирург сынды 60 маман қатысады. Мұндай үлкен операцияны жертөледе жасау мүмкін емес. Бәрі бақыланады. Тіпті құрамына құқық қорғау органдары кіретін комиссия құрылады. Бұған күмән келтірмеу керек.
Мәйіттік донор болуға ниетті адамдар электронды үкімет порталында тіркелу керек. Үміткер қайтыс болғаннан кейін барлық ақпарат республикалық деңгейдегі үйлестірушіге жеткізіледі. Кейін ол марқұмның жақындарымен сөйлесіп, қажетті органдарды трансплантацияға пайдалануға рұқсат алуға міндетті. Өкінішке қарай туыстары мұндай тәуекелге бара бермейді. Қоғам мәйіттік донорлыққа дайын емес. Бұл мәселе сенатор Ақмарал Әлназарованы да ойландырады. Оның сөзінше, күту парағында 6 жыл тұрған науқастар бар. Бұл – өте ұзақ уақыт.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 16 емдеу мекемелері Қазақстан бойынша осы органдық донорлыққа кез келген кезде дайын болу керек. Алайда оларға төленетін потенциалды донор болатын туған-туысқандарымен сөйлесуге арналған жұмыстар, келісім алынғаннан кейін бұл жұмыстарды жүргізу үшін тариф өте мардымсыз. 2 немесе 4 органдық донор болды.
Иә, елімізде 16 стационар мәйіттік донорлықпен айналысады. Өкінішке қарай, реципиенттердің дені бүйрек жетіспеушілігіне ұшыраған. Оның 90%-іне тірі туысының ағзасы салынады. Ал өзге елдерде, керісінше, мұқтаж жандардың ғұмырын мәйіттік донор құтқарады. Заң да осыны талап етеді. Бір адам 5-8 науқасқа ғұмыр сыйлай алады екен. Бізде таңдау еркі өзімізде.
Авторы: Мерей Мұратханқызы.