Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі шешім таппай отыр
Іле ауданы Байсерке ауылында 3 мектеп болса, соның екеуі үш ауысымда жұмыс істейді екен.
Тұрғындар «күн қысқарған сайын балалар үйге қайтқанша ымырт үйіріледі»,-дейді.
Алматының іргесінде орналасқан Байсерке ауылында үш ауысымда білім беретін мекеменің бірі № 12 орта мектеп. Оқушылар іргелес ауылдар мен саяжайларданда келіп оқиды. Сондықтан бала көп. Таңғы сағат сегізде басталатын сабақ кешкі алты жарымда аяқталады екен. «Қараңғыда үйге жеткенше уайымдап отырамыз»,-дейді ата-аналар.
Раушан Темірханқызы, ауыл тұрғыны:
- Жаңа мектеп керек, қосу керек мектеп. Өйткені, бала өте көп. 15/38- Енді үш ауысым болғаннан кейін қазіргі таңда жеткілікті, бірақ үш ауысым болып тұр ғой.
Мунира Мырзабайқызы, ауыл тұрғыны:
- Тағы бір мектеп салып берсе, Байсеркенің аяқ жақтарына салса жақсы болар еді. Өйткені, аяқ жақтан келетін адам, бала саны көп.
Қазір Іле ауданында 54 мектеп бар. Соның 19-ы үш ауысымда сабақ береді. Аудан әкімдігінің өкілдері орын тапшылығын 2025 жылы толық жоямыз деп отыр. Алдағы уақытта 12 мың орындық бірнеше жаңа мектеп салу жоспарлануда.
Қаламқас Сәрсенбаева, Іле аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
- № 12 мектеп бойынша 2025 жылға дейін үш аусымдықты жою жоспарда. 2024 жылы 1500 орындық Көктерек ауылында мектеп құрылысы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі.Соған сәйкес Байсерке ауылында үш ауысымдықты жою жоспарда бар.
Әзірге 900 балаға арналған № 12 мектепте 2300-ге жуық оқушы білім алуға мәжбүр. Мектеп басшылығы жүктемені азайту үшін амалдап отырғанын айтады.
Анар Монтаева, №12 орта мектептің директоры:
- Педагогикалық кеңестің шешімімен және қамқоршылық кеңестің төрайымының ұсынысымен хаттамаға тіркеліп, 45 минутты 40 минуттан қазір оқып жатырмыз. 12 саяжайдан тасымалдау жүргізіледі. Екі автобусымыз бар, мінеки қарасаңыздар тұр автобусымыз. Олар тасып апарады саяжайға. Ата-аналар тосып алады сол жерден.
«Байсерке Алматыға жақын болғандықтан өзге өңірлерден көшіп келушілер көп. Меткеп тапшылығының бірден бір себебі осы»,-дейді аудандық әкімдіктегілер.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов