Кәсіп түбі- нәсіп
Кәсіп үйрену қашанда кеш емес. Жамбыл облысының тұрғыны Сабыркүл Сіргелбекова орта жасқа келгенде тігіншілікті үйреніп, нәпақа тауып отыр.
Ол құрақ құрап, ұлттық бұйымдар жасайды. Аз уақытта қолтаңбасын қалыптастырып та үлгерді.
Меркі ауылының тұрғыны Сабыркүл Сіргелбекова 45 жасқа дейін түрлі салада жұмыс істеген. Бірақ бала арманы - тігіншілікті қолға алу көкейде жүрген арманым еді, - дейді. Ақыры бел шешіп, 4 жыл бұрын тігін тігуді бастап кеткен. Аз уақыт ішінде ауданға танымал болып, «Қазақстанның үздік тауары» атты аймақтық көрмеде топ жарып үлгерді. Қазір жұрттан тапсырыс алып, нәпақа тауып отыр.
Сабыркүл Сіргелбекова, тігінш:
- Ол кезде мынандай көрпеге қанша метр мата аламын, қанша, қалай есептеуді білмеймін. Бірақ соқыр көзбен бастап кеттім. Ютубтан қарадым, одан соң негізінде анам құрақ құрайтын ғой. Анамнан қалғаны бар. Сосын жаңа желіден қарадым, құрақ құрап жатқан кісілердің жұмыстарын қарадым. Сөйтіп сөйтіп ары қарай алып кеттім.
Жамбыл облысында өз кәсібін бастағандар көбейіп жатыр. Биылғы есеп бойынша, аймақта 108 мыңнан аса шағын және орта бизнес нысаны бар. Бұл былтырға қарағанда 30 процентке артық. Кәсібін кеңейтем деген кәсіпкерлерге мемлекеттен қаржылай қолдау қарастырылған.
Тұрсынбек Ислам, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бөлімінің бас маманы:
- 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бар. 23,2 миллиард теңгені құрайтын 1049 жобаға қолдау көрсетіп отырмыз қазіргі таңда. Пайыздық ставканы субсидиялау тетігі бар. Грант береміз қайтарымсыз 5 млн тг жаңа бизнес идеяларға. Инфрақұрылым өткізу бар кәсіпкерлерге және кредиттік қарыздық лизинг бойынша тетігіміз бар.
Сабыркүл Сіргелбекова алдағы уақытта тігін үйірмесін ашып, жастарға ұлттық өнерді үйретсем дейді. Оған қоса ағаштан бұйым жасауды жоспарында бар. Сол үшін ауласына шетелдік павловния талын жерсіндірген.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан