Елде Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы бекітіледі

Елде жаңадан 20 су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған тағы 15-нысан жаңғыртылады.

Бұл су шаруашылығы саласын 2027 жылға қарай қосымша 2 текше шақырым сумен қамтамасыз етеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су ресурстарын басқару тұжырымдамасын жыл соңына дейін бекітпек. Сала басшысы Нұржан Нұржігітов: «бірінші кезеңде Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарын тіршілік нәрімен қамту жоспарда», - дейді. Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында 12 су қоймасы салынады. 3 жарым мың шақырым суғару желілері реконструкцияланады. Бұл суды үнемдеуге ықпал етеді. Сонымен қатар,, министр су саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде қатаңдайтынын жеткізді. Алдағы уақытта Ұлттық гидрогеологиялық қызмет те қайта құрылады.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Қазіргі уақытта Министрлік ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құру мәселесімен айналысатын екі басқармасы бар департамент құрды. Қызметтің ұйымдық құрылымы, жарғылық құжаттары әзірленді, олар жақын арада Үкіметтің қарауына ұсынылады. Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жер асты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, жер асты суларына мемлекеттік мониторинг жүргізу саласында және басқа да қажетті өкілеттіктерге ие болады. Жер асты суларын ұтымды пайдалану мәселелері ерекше бақылауда болады.