БҚО-дағы Ақсай қаласында өрт сөндіру бөлімі ашылды
Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды.
Мұндай құрылым тәуелсіздік алғалы аймақта алғаш рет жасақталды. Құтқарушылар өрт сөндіруден бөлек, көктемгі тасқынның алдын алу жұмыстарына да жұмылдырылады.
Ақсайда бұған дейін бір өрт сөндіру бөлімі мен бір бекет болды. Алайда соңғы жылдары төтенше жағдай қызметкерлеріне артылған жүктеме ауырлай түсті. Өйткені өндірістік қала кеңейіп келеді. Енді қосымша құрылымның ашылуы жедел қызмет көрсетуге қайта мүмкіндік берді. Жаңа бөлімде 58 құтқарушы мен 4 арнайы көлік бар.
Арыстан Нұржанов, мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
- Негізгі қызметі – Ақсай қаласының шығыс аумағын өрт қауіпсіздігінен қорғау және Бөрлі ауданы бойынша аумақтарға шығу. Өрттен басқа, көктемгі кезде су тасқындарына да жұмылдырыламыз.
Облыста өрт сөндіруге арналған 29 бөлім мен бекет жұмыс істейді. Биыл олардың техникалық базасын жақсарту мақсатында 2 млрд теңге жұмсалды. Алдағы уақытта тағы жаңа құрылымдар ашылады.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Облыс көлемінде әлі де төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында осындай өрт сөндіру деполарын саламыз. Қазір біз қаланың (Оралдың) ішінде де Северо-восток ауданында да осындай бізге өрт сөндіру депосы керек. Олардың да барлық сметалық құжаттарын жасап жатырмыз. Вице-министр Мереке Құдайбергенұлына осы мәселелерді біз айтып, біз осыған қаражат бөліп, көмектесу жөнінде мәселелерді көтердік.
Вице-министр мен облыс әкімі Қызылтал, Аралтал ауылдарын тасқын судан қорғауға арналған инженерлік нысандардың құрылысын тексерді. Бұл жобалардың Бөрлі ауданы үшін маңызы зор. Өйткені өзенге жақын орналасқан елдімекендерді көктемде су басу қаупі жоғары.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов