Елордада жас сарбаздар Әскери ант қабылдады
Бүгін елордадағы «Отан-Ана» монументі аумағында жас сарбаздардың Әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жиын Ерлік аллеясындағы ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жас жауынгерлер курсынан өткен Ақмола өңірлік гарнизонының 68665 бөлімінің 200-ден астам сарбазы Отан қорғаушылардың қатарына қосылды. Шараға қарулы күштердің ардагерлері, гарнизон әскери қызметшілері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскерге шақырылушылардың туған-туыстары қатысты.
Мұхтар Сұлтанмұратов, Ауған соғысының ардагері:
- Міне, бүгін 800 сарбазымыз ант етуге келді. Жан-жақтан, қаланың түкпір-түкпірінен. Біздер өзіміздің борышымызды атқардық. Енді жастарға, өскелең патриоттарға тәрбие беру біздің мойнымызда. Біздер тек жақсы сөзбен тілектеспіз. Баршаларыңызға жақсылық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын. Ұрыс-соғыс болмасын.