Қараөткел ауылы қоқыс алаңына айналды
Астананың іргесінде орналасқан Қараөткел ауылында жаз бойы белгісіз топ жайылымдық жерді қазып, енді соған қоқыс тастап жатыр.
Шұңқыр толған соң, оның бетін көміп кетеді. Тұрғындар бұған наразы. Бұл жайлы жергілікті билік біледі, бірақ шарасыз.
«Жердің асты да, үсті де қоқысқа толды». Малмен жан бағып отырған ауыл тұрғындары осылай дейді. Олардың айтуынша, мемлекетке тиесілі 3 гектар жерді белгісіз топ қазып, құрылыс қалдықтарына толтырған. Қоқысты жүк көліктерімен Астанадан әкелетін көрінеді.
Дәулет Қасымбаев, Қараөткел ауылының тұрғыны:
- Қазір мына көріп тұрғандарыңыздай, артымыздағы мал жайылатын жерлер негізі. Осының барлығын үй салды, одан қалғанын қазып тастады. Қазып тастаған жерді қоқыспен, Астананың қоқысымен толтырып жатыр. Астанада бір түкірсең штраф салады. Ал мына жерге төккен бір камазда бірнеше түкірік бар, сондықтан да мына мусорды жоғары жақтың басшылары қолға алып, қадағаласа екен дейміз.
Бекзат Аманов, тілші:
- Мына бейберекетсіз төгілген құрылыс һәм тұрмыстық қоқыстардың зардабы көп күттірмейді. Тұрғындардың пайымы осы. Олардың айтуынша, мына тұрған заңсыз полигондардың зияны экологияға ғана емес, жақын маңдағы ауылға да тиеді. Дәлірек айтсақ, ауылды су шайып кетуі ықтимал.
Иә, осыдан 7 жыл бұрын ауылды тасқын судан қорғау үшін арнайы канал қазылған еді. Көктемдегі қызыл су сол арқылы ағып, елді мекеннің шетіне төнген қауіп сейілетін. Алайда жаздан бастап бұл каналдың іші де қоқыспен көміле бастады.
Ербол Керкеев, Целиноград ауданы мәслихатының депутаты:
- Тереңдігі 3 метрдей, ұзақтығы 1,5 шақырым жерді толтырып, бетін ғана сипай салған. Қоқыстың бәрі қаланікі, бұл ауылдың қоқысы емес. Ауылға су кірмесін деп жасалған қорған болатын. Үкіметтің тарапынан істелген шара болған. Жиегінде қорғау ретінде қазған топырақ қой, соның бәрін тасып бітірді ғой.
Мәслихат депуттары құзырлы органдарға сауал жолдаған. Алайда олар іс қозғау үшін шығынды есептеу керектігін айтыпты. «Ал бұған жауапты экология департаменті 2 ай бойы жауап қатпады», - дейді депутаттар. Мұндағы жағдайды жергілікті билік біледі, бірақ олар да шарасыз.
Нұрдәулет Ташматов, Қараөткел ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Белгісіз кім қазғаны, қазған адам қазір әлі белгісіз. Іс жер комиссиясында қаралып жатыр. Күзетіп отырдық қой, әкімдік қызметкерлері бар. Кезек-кезек. Соңында машинаны танып қойғаннан кейін, көлікті де ауыстырып аңдыдық. Қазір жұмыс істелініп жатыр, полиция қызметакерлері күнделікті қарап жүр. Рейд дейді ғой.
Елде дәл осындай 5,5 мыңға жуық бейберекетсіз төгілген қоқыс үйінділері анықталды. Осыған дейін Үкімет басшысы оларды жоюды тапсырған, бірақ бүгінгі күнге дейін тек 70%-ы ғана тазартылды. Құзырлы ведомство өкілдері бұған әкімдер жауапты дейді. Тіпті осы үшін биыл 149 шенеунікке 17 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.
Оралхан Әуезбеков, ҚР ЭТРМ мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы:
- Экология миннистрлігі заң талаптарын қатаңдату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айыппұл көлемін ұлғайту және егер де айыппұлды төлеп аталған автокөлікпен заңбұзушылық қайталанатын болса, айыппұл тұрағына орналастыру жөнінде ұсыныс министрліктен берілді.
Сарапшылардың сөзінше, мұндай түйіктіл елдің барлық өңірінде кездеседі. Ал Экология министрлігі мәселені шешудің тиімді жолын таппай отыр. Осының кесірінен мемлекеттік органдар салдармен емес, себеппен күресуге мәжбүр.
Дмитрий Калмыков, эколог:
- Заң сақталмайды. Ал мемлекеттік органдар заңсыз әрекетке тосқауыл болуға қауқарсыз. Біздің ұсынысымыз – кәсіпорындардан қоршаған ортаны ластағаны үшін алынатын қаржыны қоғамдық бақылау шараларына, техникалық құралдар алуға бөлу керек.
Егер экология департаменті рұқсат етілмеген полигоннан келген шығын көлемі көп болғанын дәлелдесе, тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғай алады. Осылайша, кінәліге айыппұл салынады. Оның құны 10 млн теңгеден асуы мүмкін. Тіпті 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылады. Алайда биыл бұл баппен бірде-бір қылмыстық іс қозғалмаған. Ал заңсыз полигондар болса көбейіп жатыр.
Авторлары: Бекзат Аманов, Артур Горршняков