Шала туған шақалақтарды аман алып қалу көрсеткіші жақсарды
Биыл Шымкентте 30 мыңға жуық бала дүние есігін ашқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір жыл ішінде өмірге келген сәбилердің 1%-і шала туады. Кейінгі уақытта заманауи технология мен білікті мамандардың арқасында салмағы аз нәрестелердің аман қалу мүмкіндігі көбейді.
Шымкент қаласының тұрғыны Арай Жақсыгелдиева – 4 баланың анасы. Кенжесі Әлиханды жүктіліктің 25-ші апталығында босанған. Дәрігерлер 780 грамм боп туған сәбиді жан сақтау бөліміне жатқызып, аман алып қалды. Алайда шала туған шақалақта церебральды сал ауруы пайда болды.
Арай Жақсыгелдиева, қала тұрғыны:
- Жақында жүрдік қазан айының 12-сіне. Астанадан инструкторлар келіп, содан 1,5 жыл ем алдық, массаж түрлерін. Қазір 2 жас 9 ай. Аллаға шүкір, өсіп келе жатыр. Бәрін түсінеді. Айтқанның бәрін істейді.
Ал Ділмұраттың ұлы жүктіліктің 7 айлығында дүниеге келді. Қатерлі дертке шалдыққан анасы кесір тілігімен босанған. Бірақ кейін сол аурудан көз жұмған. Дәрігерлер сәбиді шұғыл жағдайда «кувез» аппаратына жатқызып, аман-есен жетілуіне жағдай жасады. Қазір баланың денсаулығы қалыпты, салмағы да жасына сай.
Ділмұрат Тасқожаев, қала тұрғыны:
- Біз білмедік қой, рак болып шықты оның диагнозы. Кейін ішіндегі баланы 7 айлық кезінде кесарево қылып алды. 45 күн болды. 2 келіден асырып, шығардық аман-есен. Сестренкам емізді. Құрғақ қоспа бердік. Қазір тамақ жейді өзі.
Қазіргі уақытта әрбір босану үйінде нәрестелерге арналған арнайы жан сақтау бөлімі бар. Мұнда шала туған шақалақты аман алып қалудың түрлі тәсілі қолданылады. Оның үстіне бабы мен бағуын келістірген мамандардың да еселі еңбегі зор.
Насиба Қорғанбаева, неонатолог:
- Бұрын мамалардан алып кетіп, бөлек қарайтын едік. Қазір мамалары бірге 24 сағаттың ішінде кіріп, балаларымен бірге болуға болады. Тамақ өздері береді, жаялығын өздері ауыстырады, жылы қолдарымен бізбен бірге бір жағадан бас шығарып, кішкентай шала туған балаларды аяққа тұрғызып жатырмыз.
Сала мамандары әйелдердің жүктілікті жоспарламай, денсаулығына салғырт қарауынан мерзімінен бұрын босану жағдайы көбейгенін айтады. Осының әсерінен жыл сайын жаңа туған сәбилердің 1% шала туған шақалақтар құрап отыр. Ал салмағы 2,5 келіге жетер-жетпес туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 2 есеге өскен.
Бақытжан Позилов, қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:
- Өздеріңіз ойлап қараңыздар, 500 грамм, 900 грамм болып туған балаларды аман-есен алып қалу керек. Оған операция жасау керек болады. Кейде оған тамырішілік доступ болады. Оған инкубация жасайды, өте қиын жағдай. Біздің бөлімшеде соңғы үлгідегі осы құрал-жабдықтардың барлығы бар, жеткілікті. Тағы алып жатырмыз.
Шымкентте өте төмен салмақпен туған сәбилерге бір ғана перинаталдық орталық қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, келер жылдан бастап үшінші деңгейдегі босану үйінің саны тағы екіге артпақ.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.