Астана әкімі: 260-қа жуық балабақша салынады
Астаналық мектептердегі тегін ас-суға бөлінетін бюджет сомасы таяуда көтеріліп, бір балаға шаққанда 700 теңгеге дейін жетеді.
Бұл туралы кәсіпкерлермен өткен жиында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Әр оқушыны тегін тамақтандыруға бөлінетін 584 теңгеге қазір азық-түлік алу қиын. Осы мәселені көтерген кәсіпкерлер бюджет сомасын қайта қарастыруды өтінді. Сондай-ақ Астана әкімінің айтуынша, 12 жылда қалада 260 балабақша салынады. Кейбірі мемлекет қаржысына, енді бірі жекеменшік иесінің ақшасына бой көтереді. Елордада 5 жылдан бері балабақша салуға бюджеттен ақша бөлінбеген. Солай бола тұра жыл сайын шаһар тұрғындарының саны 60 мыңға өсті. Биылдың өзінде дүниеге 35 мың сәби дүниеге келеді деген болжам бар. Болашақта білім мекемелерінің тапшылығын болдырмас үшін қалада жыл сайын 10 мектептен іске қосу көзделіп отыр.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- 2017 жылдан бері мемлекет есебінен балабақша салынбаған. Келесі жылы арнайы бағдарламаны іске қосамыз. 60-тан астам балабақша саламыз. Сондай-ақ 11-нің құрылысы басталады. 2035 жылға дейінгі бас жоспарға сәйкес қазір келісімдер жасалып жатыр. 260-қа жуық балабақша және сонша мектептің құрылысы қарастырылған.
Сонымен қатар Астана әкімі алдағы уақытта педагогтарды даярлайтын оқу орны ашылатынын жеткізді. Шаһар басшысының айтуынша, қазір қалада 7 мыңға жуық мұғалім жетіспейді. Өз кезегінде кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі дуальды оқытуға жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруды сұрап отыр.
Мырзабек Көжімов, «Атамекен» кәсіпкерлер паласы өңірлік кеңесінің мүшесі:
- Қазіргі күні колледждердің ең жоғарғы сомасы мемлекеттік тапсырма бойынша 450 мың теңге болады. Ал мектептерде – 650 мың теңге. Жоғарғы оқу орындарында 1 млн-нан асып кетеді. Ал негізі біздің қаржы орталығының есептері бойынша 700-800 мың теңге болу керек. Ал сол норма орындалмай жатыр.