Астанада 30 мың бала тегін үйірмеге барады
Биыл еліміздегі балалардың 80 пайызы қосымша білім берумен қамтылды.
Астанада 30 мыңнан астам бала тегін спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелеріне қатысып жүр. Мемлекет басшысы сайлау-алды бағдарламасында балаларға арналған тегін үйірмелерді көбейту керектігін айтқан еді. Осы тұғырнама аясында қала басшылығы тарапынан, бірнеше жоба қолға алынды. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамытуға айрықша назар аударылып келеді.
Аружан есімді бүлдіршін алғаш он жасында қылқаламды қолына алды. Осы уақытқа дейін жиырма шақты картина салды. Қабілетін байқаған ата-ана баланың талабын ұштауды жөн көрді. Жас суретші қыркүйек айынан бері Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайындағы бейнелеу өнері үйірмесіне барып жүр.
Аружан Қанат, бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы:
- Сурет салып жүргеніме үш жыл болды.Бұдан бұрын үйірмелерге, басқа үйірмелерге қатысып жүргенмін сурет салудан. Маған көбінесе табиғатты, табиғаттағы суреттерді салған ұнайды. Және де жануарлардың суреттерін салған ұнайды.
Қазір оқушылар сарайында 4 мыңға жуық бала түрлі үйірмелерге қатысады. Спорт секциялары, тіл үйрету және би үйірмелері жұмыс істеп тұр. Балалар үшін бәрі тегін. Сондай-ақ, жасөспірімдер осы жерде бейнебаян жасап, суретке түсіруді үйрене алады.
Олжас Дүсіпбаев, М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының қосымша білім беру оқытушысы:
- Жылдан жылға келетін балалар саны көп. Қызығушылық көп танытады. Өйткені барлығы ұялы телефонда, әлеуметтік желілерде отырып, қызықты бейнебаяндарды көріп, соларды қалай жасалатынын білгісі келеді. сондықтан көбі келіп үйренуді қалайды. Өткен жылы оқып алған балалар бір слайд-шоу жасап үйреніп, қысқаша, кішігірім ақшаларын да тауып жатыр.
Үйірмелерге 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Сонымен қатар сарайда мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге арналған секциялар бар.
Айымкүл Жабаева, М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- 25 тамыздан бастап mindal.e-orda сайты бар, сол сайтқа ата-аналар кіреді. Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы мекемесін таңдайды. Ол жерде біздің барлық үйірменің атаулары, қанша тобымыз бар, қанша бюджеттік тобымыз бар, қанша ақылы тобымыз бар, педагогтың аты-жөні және неше жастан балалар қабылдайды? Жыл ішінде жазылу бола береді бізде. Өйткені бұл жерге балалар өздерінің қызығушылықтары бойынша, өзінің еркі бойынша келеді. Сондықтан, жыл бойына жазыла береді.
Бүгінде Астана бойынша 30 мыңнан астам бала тегін үйірмелерге барады. «Даму бала» жобасы шеңберінде 20 мың оқушы қамтылды. Олар 25 спорт түрі бойынша 575 секцияда жаттығады.
Азамат Ағзамов, Астана қаласының спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы:
- Бұқаралық спорт дамытуға бағытталған бағдарламалар бар. Биыл «Аула фит» жобасы жүзеге асты. Бес ауданның аулаларында аптасына екі рет жаттығулар өткізілді. Бұл жаттығуларға үлкендер де, балалар да қатысты. Бұдан бөлек, 13 қарашадан бастап Астанада «Қолжетімді спорт» жобасы қолға алынды. Мұнда да кез келген қала тұрғыны қатыса алады.
Сондай-ақ, елордада 11 спорт мектебі бар. Бұл мектептерге 6 мыңнан аса бала тұрақты барып тұрады. Қалалық спорт басқармасы өкілінің айтуынша, секцияларға кез келген уақытта жазылуға болады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Серік Қоңырбаев