СҚО-да ерекше қажеттілігі бар жандарға кедергі көп

Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген нысанға кіре алмайды.

Себебі, мекемелерде арнайы жағдай жасалмаған.  Осал топтағыларды, әрбір үшінші нысан ғана қабылдай алады. Қалғандары талапқа, толық сай келмейді.

Андрей Ращепкин бір жыл бұрын арбаға таңылып, мүгедектік тобын алды. Бұған дейін өз аяғымен жүрген ол енді баратын жеріне осылай жетеді. Бірақ, кей көшелерде кідіріп қалады.  

Андрей Ращепкин, қала тұрғыны:

- Жолдан өткенде тас жиектері биік болады. Шыға алмай тұрғаның... Әйтеуір, адамдар көмектесіп жібереді. Ал мен баратын аурухана, әлеуметтік көмек көрсету ұйымында бәрі бар.

Сәлімхан Сәбитов мүмкіндігі шектеулі жандардың қиындығын жақсы біледі. Өйткені, өзі де осы топқа жатады. Биылдан бастап ол тағдырлас жандардың жанға батар мәселелерін қалалық мәслихат депутаты ретінде көтеріп жүр. Оның айтуынша, қазір арбаға таңылған адамдарға жердің үстімен тартылған құбырлар кедергі келтіреді.

Сәлімхан Сәбитов, қалалық мәслихаттың депутаты:

- Міне, мына жерден қалай өтеді мысалы? Ол қолы онша  ұзын емес деп есептеймін енді мына жерден, мына жерге дейін тартылу үшін. Себебі, мынау қараңыздаршайсы енді мынау қалай істегені. Немесе сол жақ қолым жоқ шығар мысалы. Оң жақ қолыммен қалай тартыламын мұнда!?

Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі 25 мыңға жуық адам бар. Дені ауылда тұрады. Бірақ, олар үшін әр нысанның есігі ашыла бермейді.

Татьяна Береская, жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасы басшысының орынбасары:

- Нысандарға қойылатын негізгі талаптар: пандус пен көтергіштің болуы. Зағип жандар үшін «Брайль» тақтайшалары орнатылуы тиіс. Оның ішінде жанасу жолағы мен санитарлық торап та бар. Өкінішке қарай, бұл ережелер сақталмайды.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға 120 – ға жуық нысан бейімдендірілді. «Олар негізінен мектеп, емхана, мемлекеттік мекеме мен қызмет көрсету орындары», - дейді мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов