Ақтауда қаңғыбас иттер паналайтын орталық жабылуы мүмкін

Ақтауда бұралқы иттерді ұстайтын орын жабылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мұнда 300-ден аса ит бар. Жуырда жердің иесі жылжымайтын мүлкін сатуға шығаратынын айтқан.

Бұл жерге күн сайын бұралқы иттер жеткізіледі. Ирина Болатова 3 құрбысымен бірлесіп, қоғамдық қор құрған. Бастапқыда 10 шақты қаңғыбас итті қамқорлығына алып, бағылатын жер орнын іздепті. Қайырымды азамат өз мүлкін тегін қолдануға берген. Еріктілер коммуналдық төлемдерді ғана төлейді. Ал иттердің күтіміне қорға тұрғындар аударған ақшаны жұмсайды.

Ирина Болатова, қоғамдық қор директоры:

- Қор жұмысын әлеуметтік желіде жариялап тұрмыз. Иттерге тамақ алуға, оларды емдетуге жұмсалған ақшаның есебін жазамыз. Панажай күтімімен 3 жұмысшы айналысады. Әрқайсына күніне 5 мың теңгеден айлық төлейміз. Жер иесі өз мүлкін 45 млн теңгеге бағалап отыр. Бізде ондай ақша жоқ. Иттерді басқа жерге көшіруге де шамамыз жетпейді. Ал әкімдіктен ұсынылған жер орны біздің көңілімізден шықпады.

Қаңғыбас иттер ұсталатын тағы бір орын үшін аумағы 2 гектардай жер бөлінген. Бұл жерді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған. Алайда волонтерлер ол жерде су құбыры жоқтығын алға тартып, бас тартыпты. Тендерді жеке кәсіпкер ұтып алады. Қазір серіктестік қызметкерлері бұралқы иттерді аулау, оларды стрильдеу және чип салу жұмыстарын жүргізіп отыр.

Сатыпалды Абдолов, жеке кәсіпкер:

- Тендердің мазмұны мен тех.сипаттамасын, тапсырыс берушінің қандай талаптары бар, соны оқып шықтым. Өзімнің деңгейіме келеді екен. Судың мәселесі, мында жерде халыққа беріп отырған сорғы станциясы бар. Содан сатып алып, осы жерге тасып отырмыз, көлік жалдап. Осы жерде өздері қосымша барьерлер салып, сондай 40-60 салса, өзінің 300 бас итін толықтай қамтамасыз ете алады. Оған біз қарсы емеспіз.

Демек мәселенің шешімі бар. Иринаның қамқорлығындағы 300 итке бұл жерде орын табылады, - дейді іскер азамат.

Айта кетсек, келер жылы осы аумаққа халықаралық талаптарға сәйкес келетін панажай салу жоспарланып отыр. Ғимарат жобасы мақұлданған. Құрылысты бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілмек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.