Оралдағы медициналық мекемелерге 21 көлік берілді

Техниканың дені аудандық ауруханаларға жол тартады.

Себебі шалғай ауылдарда дәрігерлер бригадасының техникалық мүмкіндігін арттыру күн тәртібіндегі басты мәселе болып қалып отыр. 

Биыл облыста денсаулық сақтау саласына 91 млрд теңге бөлінді. Былтырғымен салыстырғанда қаражат 28 пайызға артқан. Соның ішінде ауылдық жерлерге жаңа медициналық нысандар салу, оларды құрал-жабдық және көлікпен қамтуға басымдық берілді.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлт денсаулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамитынын баяндай отырып, +түйткілді мәселелерді шешуге аса мән берген болатын. Облысымыздың қажеттілігін ескере отырып, 261 медициналық құрал-жабдық сатып алуға қаржы бөлген болатынбыз. 12 медициналық нысанның құрылысын бастап кеткен болатынбыз. Сол басталған құрылыстың алтауы халықтың игілігіне тапсырылды.

Өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарына тиесілі санитарлық көліктердің 78 пайызы тозған. Жыл соңына дейін 81 темір тұлпар алынады. Қазір соның 21-і жеткізілді. Олар Ақжайық, Тасқала, Жәнібек аудандары мен Орал қаласындағы медициналық мекемелерге берілді.

Бейбіт Жарқынбаев, жедел жәрдем көлігін жүргізуші:

- Шақыртулар түседі күндіз-түні. Ауылдық жерлер, ауылдың іші бар, мына қала Оралға, Чапаевқа тасимыз науқастарды күндіз-түні. Екі водительміз. Ауылымызға бір көлік келгені жақсы ғой. Бұл енді халық үшін бәрі. Жолда тұрып қалмай әйтеуір.

Техникалық базаның жаңғыртылуы медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді, дейді мамандар. Келер жылы мемлекеттік бюджеттен бөлек, жер қойнауын пайдаланушы компанияның есебінен 25 млрд теңге бөлінеді. Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов