Алматы облысының 4 ауылына автобус жүрді

Талғар ауданының Еламан ауылдық округіне Алматыдан қоғамдық көлік қатынай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

№ 234 бағыттағы автобус  мегаполис пен  облыстың бірнеше елді мекенін жалғайды. 4 жыл бойы қоғамдық көлікті сарыла күткен ауыл тұрғындары автобусты мерекелік көңіл күймен, шашу шашып қарсы алды.

Тереңқара, Жалқамыс, Еламан мен Тұздыбастау ауылдарында 20 мыңға жуық халық тұрады. Бұған дейін тұрғындар Алматыға барып-келу үшін такси жалдап, жолға 2-3 мың теңге көлемінде шығындалатын. Кейде көлік болмай, ауылға жете алмай қиналатын. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Қоғамдық көлікте «Оңай» электронды төлем құрылғысы орнатылған. Жолақысы – 100 теңге. Автобус таңғы сағат 6-дан жолаушы тасымалдауға шығады.

Бұған дейін Алматы мен облыс арасында 7 маршрут іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 3 бағыт ашылады.

Қоныс Алшынбеков, Еламан ауылының тұрғыны:

- Балалар қуанып жатыр. Аға жақсы болды, 50 теңгемен қалаға жетіп аламыз. 100 теңге ары-бері жетеміз деп. Қуанышы зор. 5 мыңдай халқымыз бар Еламан ауылымызда, енді мынау деген бізге үлкен қуаныш.

Азамат Ешанқұл, Алматы  қалалық мобилділік басқармасының бөлім басшысы:

- Біз 10 автобус қоямыз. Интервалы 20 минуттан. Сосын бұның қалаға баратын жері ВАЗ Алтай мөлтек ауданы. Сол жерге шейін барып, 20 минуттан 10 автобус жүретін болады.