Жетісуда күріш өңдеу басталды
Жетісу облысында биыл 360 мың тонна дәнді дақыл жиналды. Әсіресе өңірдің күріш өсірушілері молынан өнім алды.
Орташа есеппен әр гектардан 31 центнерден түсім түскен. Жиын-терім науқанын аяқтаған диқандар күрішті өңдей бастады.
Александр Исаев кәсіпорындағы ең жауапты адам. Ол күріштің белгілі мөлшерде диірменге түсуін және техниканың тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалайды. Кәнігі маман күніне 5 тоннадан аса өнім өңдеп жатыр.
Александр Исаев, цех жұмысшысы:
- Күрішті жинап болған соң өңдеуді қолға алдық. Қазір бір диірмен жұмыс істеп тұр. Тапсырыс көбейгенде екіншісін іске қосамыз. Өнім былтырғыға қарғанда жақсы әрі әппақ.
Қаратал ауданындағы оншақты шаруашылық күріш өсіруді кәсіп етеді. Олар биыл Қызылорда облысынан және Ресейден әкелінген дақылдың жаңа сұрыптарын септі. Нәтижесінде өнім де берекелі болды.
Ғалым Уәлиев, Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Былтыр біз әр гектарына 21 центнерден алғанбыз. Биыл 31 центнерден алып отырмыз. Қамбаға 3300 тонна жиналды.
Кезінде Қаратал аймағында он мың гектарға күріш себілетін. Қазір соның оннан бір бөлігі ғана игеріледі.
Нұрдәулет Кененбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы
- Күріш алқабын суармалы су жетпеуіне байланысты ұлғайтпаймыз. Жыл сайын осы мың гектардың көлемінде егіп, өнімін жинап отырамыз. Егер егістікті азайтсақ жер асты суы көтерліп топырақ тұзданып кетеді. Жер жарамсыз болып қалмауы үшін осы көлемді ұстап тұрамыз.
Өсірген күрішін өңдеп, қоймаға жинап жатқан шаруалар енді оны сатылымға шығарады. Дайын өнім облыстағы аудан-қалаларға және Алматы, Астана сынды мегаполистерге жіберіледі.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, «Хабар-24», Жетісу облысы.