Ақтөбелік студенттер жатақханадан таршылық көрмейді
Тіпті мыңға жуық орын бос тұр. Көшіп келемін деушілерге есік ашық.
Бұл – жоғары оқу орындары мен колледждердің жекеменшік нысан иелерімен келісімге келуінің жемісі.
4 курс студенті Құндыз Жақсылыққызы университетке түскелі жатақханада тұрып келеді. Себебі үй-жаймен қамтылған жас еш нәрсеге алаң болмай, білімге ден қоятынын айтады.
Құндыз Жақсылыққызы, студент:
- Университет ішінде белсенділіктерім үшін бір жылдық жеңілдік тегін берді. Біздің «жастар үйі» жатақханасы қазіргі таңда 468 студентті құрайды. Барлық студенттерге мүмкіндік жасалған.
Бұл жатақханада Құндыз секілді 400-ден астам студент тұрады. Мемлекеттік грантта оқитындар, әлеуметтік осал топтағы жанұяның балалары тегін, ал қалғаны жылына орта есеппен 50 мың теңге төлеп тұрады.
Нарқозы Қартжан, жоғары оқу орнының департамент директоры:
- Жалпы 14 мыңға жуық студент оқиды. Жалпы 4 жатақханамыз бар 2200 орынға. Бізде келген сұраныстардың барлығы толық қамтылады. Одан бөлек, бізде қосымша жеке жатақханалар бар қалада орналасқан. Олармен біздер меморандум арқасында осы студенттерді сол жаққа да орналастырамыз.
Ақтөбе облысында 4 жоғары оқу орны мен 40 колледж бар. Оларда 50 мың студент оқиды. Кәсіптік және техникалық білім беретін ұйымдарға қарасты жатақханалардың көбі ескі. Әзірге тек бір оқу орны жаңа ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындаған.
Дина Жаманбаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Әрине, жатақханалардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртуды қажет етеді. Бұл бізде білім беру ұйымдары өздері жоспарлы түрде бұл жұмыстарды жыл сайын жүргізіп отырады. Колледждердің студенттерінің ішінде жатақхана іздеп, сұраныс білдірген ондай жағдай жоқ. Егер сол колледждің жатақханасында орын болмаған жағдайда бізде келісіммен басқа оқу орнының жатақханасына орналастырамыз.
Ақтөбедегі студенттер жатақханаларында орын тапшылығы жоқ. Бірақ мамандар елдегі жағдайдың бірдей еместігін айтады. Бұл мәселені шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ықпалдастығы маңызды, - дейді әлеуметтанушы Самат Күмісбаев.
Самат Күмісбаев, әлеуметтанушы:
- Бұл мәселе көбінесе ірі мегаполистерге тән: Алматы, Астана, Шымкент қаласында. Аудандарда жағдай жаман емес. Бірақ проблема бар. Өйткені, шынымен де, Президенттің Жолдауларынан да ондай мәселе қозғалды. Сондай әлеуметтік проблемаларға алып келуі мүмкін. Өйткені, шынымен де, үйі жоқ, күйі жоқ студент оқуды ойламайды. Нан көзін іздейді, қай жерде қонамын, қай жерде түнеймін деген сияқты. Сондықтан да бұл тек қана әлеуметтік мәселе емес, саяси мәселеге де жетіп қалуы мүмкін. Түбегейлі шешу керек.
Жалпы елімізде былтыр жатақханаларда 69 мың орын тапшы болса, биыл студенттерге 23 мыңға жуық жетпей қалған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев, Айнадин Молдабеков.